Фото: KIM Min-Hee / POOL / AFP

Оңтүстік Корея президенті елде әскери жағдай енгізілгеннен кейін мемлекетке опасыздық жасады деп күдікке ілінді. Енді оның үстінен “Мемлекетке опасыздық жасау” және “Билікті асыра пайдалану” деген екі қылмыстық іс қозғалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

8 желтоқсанда тәртіп сақшылары Оңтүстік Кореяның отставкаға кеткен қорғаныс министрін тұтқындап, үйінде тінту жүргізді.

Ал Оңтүстік Корея прокуратурасы президенті Юн Сок Ёльдің үстінен екі іс тергеліп жатқанын айтады. Негізгі оппозициялық демократиялық партия Оңтүстік Корея президентін дереу қамауға алуды талап етті.

7 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы кворумның болмауына байланысты президент Юн Сок Ёлға импичмент жариялай алмады. Дауыс беруге 195 депутат қатысты, ал негізінен кем дегенге 200 адам импичментті қолдауы керек еді. Осыдан кейін негізгі оппозициялық партияның өкілі Юн Чон Кун апта сайын импичментке қол жеткізуге уәде берді. Сәтсіз дауыс беруден соң жүздеген мың адам Ұлттық ассамблея ғимаратының алдына жиналып, Юн Сок Ёльға импичмент жариялауды талап етті.

Оңтүстік Кореяның алты оппозициялық партиясы импичмент жариялау туралы ұсыныс жасады.

4 желтоқсан кешке Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Ким Ён Хён елде әскери жағдай жариялағаны үшін азаматтардан кешірім сұрап, отставкаға кету туралы өтініш берді. Йонхап агенттігінің хабарлауынша, елде әскери жағдай енгізуді президентке ұсынған – қорғаныс министрі. 

Сонымен қатар 8 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның ішкі істер министрі Ли Санг Мин отставкаға кетті. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!