Фото: depositphotos.com
Оңтүстік Кореяда президент Юн Сок Ельдің көмекшілері, соның ішінде оның штаб бастығы жаппай отставкаға кетті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Yonhap News агенттігіне сілтеме жасап.
Отставкаға кеткендер қатарында президент штабының бастығы Чон Джин Сок; ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Син Вон Сик және саясат жөніндегі штаб бастығы Сон Тэ Юн, тағы жеті аға көмекші бар.
Шенділердің отставкаға кету туралы ұсынысы президент Юн Сок Ель сейсенбіде кешке әскери жағдай жариялап, оппозицияны импичмент және қысқартылған бюджеттік заң жобасы туралы ұсыныстары үшін елдің қызметін тоқтататын «мемлекетке қарсы күштер» деп айыптағаннан кейін түсті.
3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялады. Бұл шешім оппозициялық Демократиялық партия Парламентте қысқартылған бюджет туралы заң жобасын қолдап, мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау туралы өтініш бергеннен кейін қабылданды. Алайда Оңтүстік Кореяның Ұлттық Ассамблеясы елде әскери жағдай енгізілуіне қарсы дауыс берді.
Дауыс беру кезінде Ұлттық ассамблея ғимаратында әскери жағдайды жоюды талап еткен азаматтар әскери адамдармен, полициямен қақтығысып қалды. Сеул көшелерінде әскери техника пайда болды.
Кейін ел президенті төтенше әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери жағдайдағы әскер шығарылған, ал жақын арада Үкімет отырысы өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Сеулде қақтығыстар басталып, көшелерде әскери техника жүргені хабарланды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!