Фото: Yonhap News
Оңтүстік Кореяның Кванмён қаласында (Сеулдің оңтүстігінде) салынып жатқан метро құрылыс алаңында жер опырылып, бірнеше ғимарат пен жол бөлігіне зақым келді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Yonhap News агенттігіне сілтеме жасап.
Апат жұма күні, сағат 15:13-те орын алған. Бастапқыда бес жұмысшы байланыссыз қалған, олардың үшеуі аман табылып, тағы біреуі — 20 жастағы экскаватор жүргізушісі — апаттан 13 сағат өткен соң, 30 метр тереңдіктен құтқарылды.
Бір жұмысшы әлі күнге дейін іздестірілуде. Ол шамамен 50 жаста. Іздеу жұмыстарына жеті арнайы үйретілген ит пен арнайы құрал-жабдықтар тартылған.
Полиция мен құтқарушылар әзірге із-түзсіз кеткен адамның нақты орнын, тіпті мобильді құрылғысы арқылы да, анықтай алмай отыр. Синоптиктер жауын-шашын болатынын ескертіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын жеделдету қажеттігін айтты.
Оқиғадан кейін шамамен 2 400 тұрғын эвакуацияланған. Алайда қауіпсіздік тексерулерінен кейін, түн ортасынан кейін эвакуация шешімі кері қайтарылып, 220 адам үйлеріне оралды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!