Фото: senat.uz

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев депутаттар мен сенаторларға жаңа міндеттеме мен жаза енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Заңнын жаңа редакциясына сай, депутат пен сенатордың өкілеттіктері келесі жағдайларда мерзімінен бұрын тоқтатылады:

– егер депутат пен сенатор ескертуді елеместен өзге де ақылы қызметпен (ғылыми, шығармашылық және педагогикалық қызметтен басқа) айналысатын болса;

– палатаның, фракциясының, комитеттің, өзі сайланған комиссияның отырысына 1 жыл ішінде дәлелсіз себептермен 30 немесе одан да көп күн қатыспаса (бұл жағдайда олардың өкілеттігі Заң шығару палатасының немесе Сенаттың шешімімен тоқтатылады);

– шет мемлекетте тұрақты тұруға ықтиярхат немесе шетелдің аумағында тұрақты тұру құқығын растайтын өзге де құжат алса.

Бұған қоса, әдеп сақтамаған депутат пен сенаторға қолданылатын жаза түрі өзгереді. Енді этика ережесін бұзғаны үшін оларға келесі шаралар қолданылады:

– депутатқа немесе сенаторға әдеп қағидасын бұзуға болмайтынын насихаттай отырып, ескерту жасау;

– депутаттан яки сенатордан Заң шығару палатасы мен Сенаттың отырысында кешірім сұрауын талап ету;

– депутаттың немесе сенатордың әдеп сақтамау фактісін отырыстарда көпшілікке жария ету;

– депутат пен сенатор жалақысының бір бөлігін ұстап қалу;

– депутаттың немесе сенатордың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!