2025 жылдың 30 маусымынан бастап Польша тұрғындары жұмыс уақытын қысқарту бойынша пилоттық бағдарламаға қатыса алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Польша тұрғындары енді сегіз сағаттың орнына алты сағат жұмыс істей алады, үш күн демалып немесе қосымша демалыс күндерін ала алады. Әрбір жұмыс берушіге 1 миллион злотыйға (141,7 миллион теңге) дейін субсидия қарастырылған. Бұл туралы бухгалтерлерге арналған Infor поляк сайты хабарлады.
Польшадағы Отбасы, еңбек және әлеуметтік саясат министрлігі бағдарламаны іске асыруға алғашқы жылы 10 миллион злотый (1,4 миллиард теңге) бөлді.
Бұл Еуропаның осы бөлігінде алғаш рет өткізілетін қысқартылған жұмыс уақыты бойынша пилоттық жоба болады – біздің өңірде бірінші, Польшада осындай ауқымдағы алғашқы пилоттық жоба. Біз қысқартылған жұмыс күнін қолдағымыз келеді, түрлі ұйымдарда шешімдерді сынауға шақырамыз. Кәсіпкерлер, жергілікті басқару органдары, қорлар, қауымдастықтар, кәсіподақтар бұл пилоттық жобаға қатыса алады – әр жұмыс берушіге не тиімді екенін көру үшін, – деді Польша еңбек министрі Агнешка Дземянович-Бонк.
Пилоттық бағдарламаның басты қағидасы – жұмыс уақыты қысқарады, бірақ жалақы сол қалпында қалады. Мақсат – жылына жұмыс уақытын 20%-ға қысқарту.
Пилоттық жоба жекеменшік сектор мен мемлекеттік мекемелерге бағытталған. Еңбек қорынан бөлінетін қаржылай қолдау өтініш берген барлық жұмыс берушілерге қолжетімді. Бұл қаражат еңбек ережелерін өзгертуге арналған құралдарды енгізуге, жұмыс уақытын есептеудің цифрлық шешімдерін пайдалануға және оның тиімділігін арттыруға, сондай-ақ кеңес беру мен мазмұндық қолдауға жұмсалуы мүмкін. Пилоттық жобаға қатысуға арналған іріктеу критерийлерін Польшадағы Отбасы, еңбек және әлеуметтік саясат министрлігі осы жылдың маусым айының соңына дейін жариялайды. Министрлік жұмыс берушілерге жобаның артықшылықтары туралы ақпарат беру үшін арнайы ақпараттық кампания ұйымдастырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!