Түркияның оңтүстік-батысындағы Мугла провинциясында түнгі сағат 02:17-де 5,8 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая мәлімдеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жерасты дүмпулері көршілес өңірлерде де сезілген. Зілзаланың эпицентрі Мармара қаласынан 10 шақырымдай қашықтықта, 67,9 шақырым тереңдікте орналасқан.

Министрдің айтуынша, табиғи апат салдарынан 14 жастағы қыз көз жұмды. Жалпы 69 тұрғын түрлі деңгейдегі жарақат алған. Олардың бір бөлігіне алғашқы көмек оқиға орнында көрсетілсе, сегіз адам амбулаториялық емнен кейін үйлеріне жіберілген. Қалған 46 азамат ауруханаларда дәрігерлердің бақылауында.

Мугла губернаторы Идрис Акбыйыктың хабарлауынша, жер сілкінісінен тұрғын үйлер қирамаған. Дегенмен үрейге бой алдырған кейбір адамдар терезеден секіріп, жарақат алған.

Қазір оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік өкілдері жағдайды бақылауға алып, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Мугла — Жерорта және Эгей теңіздерінің түйіскен тұсында орналасқан, Түрік ривьерасының танымал курортты аймағы. Мұнда жаз мезгілінде туристер көп шоғырланады.

Еске салсақ, бұған дейін 23 сәуірде Мәрмәр теңізінде 6,2 магнитудалы жер сілкінісі болып, 236 адам жарақат алған еді. Алайда ол кезде адам шығыны мен ауқымды қирандылар тіркелмеген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!