Сәрсенбі күні кешкі уақытта америкалық әскери әуе күштері Йемен астанасы Сана мен әл-Джауф провинциясына 12-ден астам әуе соққысын жасады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Middle East Monitor басылымына сілтеме жасап.
Әуе шабуылынан Санадағы Ас-Сабин ауданына қарасты әл-Хафа аймағы және әл-Джауф провинциясындағы әл-Хазм қаласы қатты зардап шекті. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл шабуылдардан қаза тапқандар мен жараланғандар туралы нақты ақпарат жоқ.
Хуситтер қозғалысының мәліметіне сәйкес, 15 наурыздан бері АҚШ жүргізген әуе шабуылдары салдарынан кемінде 124 бейбіт тұрғын қаза тауып, 256 адам жарақат алған. Жараланғандардың басым бөлігі — әйелдер мен балалар. АҚШ президенті Дональд Трамп өткен айда Йемендегі хуситтерге қарсы «шешуші және күшті әскери әрекетке» бұйрық бергенін мәлімдеген. Ол сондай-ақ хуситтерді «толығымен жоямыз» деп қорқытқан болатын.
Бұл шабуылдардың артында Газа секторындағы ахуалмен байланысты геосаяси жағдай жатыр. 2023 жылдың қараша айынан бері хуситтер Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттеріне жауап ретінде Қызыл және Араб теңіздерінде, Баб-эль-Мандеб бұғазы мен Аден шығанағы арқылы өтетін халықаралық сауда кемелеріне шабуыл жасап келеді.
Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасында қаңтар айында уақытша атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Алайда Израильдің өткен айда Газаға қайтадан әуе шабуылдарын бастауы хуситтердің әрекеттерін жалғастыруына себеп болды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!