SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстанда қырғыз тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған жаңа заң қабылданды. Енді елдегі телеарна мен радио хабарларының кемінде 60 пайызы қырғыз тілінде тарауы тиіс. Бұл туралы 25 маусымда AFP агенттігі хабарлады.

Парламент спикері Нұрланбек Тұрғұнбекулу заңның маңызын былай түсіндірді:

«Егер қырғыз тіліне осылай бейжай қарай берсек, жақын жылдары ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін».

Жаңа заңда көзделген басты өзгерістер:

  • Теле және радио хабарларының кемі 60%-ы қырғыз тілінде болуға тиіс;
  • Елдімекендердің атаулары қырғыз тілінде жазылуы қажет;
  • Жарнама мәтіндеріндегі қырғызша жазудың шрифті орысшадан үлкен болуы міндетті;
  • Мемлекеттік қызметкерлерге, соның ішінде судьялар мен прокурорларға, қырғыз тілін білу міндеттеледі.

AFP дерегінше, Қырғызстанда қырғыз және орыс тілдері ресми мәртебеге ие. Алайда елдегі 7 миллион халықтың 80 пайызы орысша еркін сөйлейді, күнделікті тұрмыста да кеңінен қолданады.

Агенттік бұл қадамды Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығынан кейін ұлттық тіл мен мәдениетті қорғауға ден қойған бесінші постсоветтік ел ретінде сипаттайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!