Украина қауіпсіздік қызметі өз агенттері Қырым көпірінің тіректеріне мина қойғанын және жарылғыш құрылғылардың бірі сейсенбі күні таңертең іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қырым көпіріндегі жағдайға байланысты жедел ақпарат жариялайтын Telegram-арнада таңертең көпір арқылы қозғалыс тоқтатылғаны хабарланған.

Ресей билігі бұл жағдайға байланысты әзірге ешқандай пікір білдірмеді.

Күндіз Украина қауіпсіздік қызметі арнайы операция аясында агенттер бірнеше ай бойы Қырым көпірінің тіректерін минамен жасырын түрде жарақтағанын мәлімдеді.

«Бүгін, бейбіт тұрғындар арасында ешқандай құрбансыз, таңғы сағат 4:44-те алғашқы жарылғыш құрылғы іске қосылды», – делінген мәлімдемеде.

Ведомство басшысы Василий Малюк:

«Бұған дейін біз 2022 және 2023 жылдары Қырым көпіріне екі рет соққы жасадық. Сондықтан бүгін бұл дәстүрді су астында жалғастырдық», – деді.

Малюктің айтуынша, ресейлік әскери күштер Қырым көпірін өз әскерін қамтамасыз етуге арналған «логистикалық күре жол» ретінде пайдаланып отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!