Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасы жаңа қару түрі туралы анимациялық бейнеролик көрсетті. Ол қару белгілі бір аумақтағы электр станцияларын істен шығарып, электр қуатын жаппай өшіре алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

CCTV арнасы көрсеткен видеода Қытайдың Мемлекеттік аэроғарыш ғылымы және техникасы корпорациясына, елдің қорғаныс министрлігі мердігерінің деректеріне сілтеме жасалған.

Кадрларда зымыранның жерүсті қондырғысынан ұшырылып, одан 90 цилиндр пішінді қосалқы оқ-дәрілердің бөлініп шығатыны көрсетілген. Олар жерге түскен сәтте жарылып, ауаға жоғары кернеулі энергия жүйелерінде қысқа тұйықталу тудыратын химиялық өңделген көміртекті жіңішке жіптер тарайды.

CCTV-дің хабарлауынша, мұндай снарядтың көмегімен кемінде 10 мың шаршы метр аумақтағы электр қуатын өшіруге болады.

Газет мұны графиттік бомбаның жаңа түрі болуы мүмкін деген болжам жасады. Телеарна қарудың нақты атауын, оның әзірлену немесе өндірілу сатысын және өзге де мәліметтерді ашып айтпай, оны жай ғана «отандық құпия зымыран түрі» деп сипаттаады.

Қарсылас елдің электр желілерін істен шығару идеясы соғыс кезіндегі тактика ретінде бірнеше ондаған жыл бұрын пайда болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшындар Германия аумағында әуе шарларын болат арқанмен ұшырып, электр жеткізу желілерін қысқа тұйықталу арқылы зақымдаған.

Кейін АҚШ көміртек негізіндегі композитті материалдан жасалған ток өткізгіш жіптермен жабдықталған цилиндр пішінді BLU-114/B снарядын жасап шығарды.

1991 жылы Вашингтон мұндай графиттік бомбаларды Иракқа қарсы алғаш рет қолданды — ол кезде ел 85% электр қуатынан айырылды. 1999 жылы бұл бомбалар Сербияға қарсы да қолданылды. Нәтижесінде ел аумағының 70%-ы жарықсыз қалды. 2003 жылы осындай қару Кабулда да пайдаланылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!