Фото: Синьхуа
KAZINFORM – Қытай тұрғындары ай күнтізбесі бойынша бесінші айдың бесінші күніне сәйкес келетін «Дуаньу» айдаһар қайықтарының мерекесін атап өтеді. Мейрам күндері (8-10 маусым аралығы) ҚХР-дың ондаған миллион азаматы ел аймақтарына және шетелге туристік сапарға шығады.
Meituan мәліметтеріне сүйенсек, 1 маусымдағы жағдай бойынша айдаһар қайықтары мерекесі кезінде мәдени саяхатқа алдын ала тапсырыс беру өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70%-ға өскен. Сұранысқа ие 10 бағытқа Пекин, Сиань, Ченду, Ухань, Чунцин, Циндао, Нанкин, Чанша, Шанхай және Чжэнчжоу сияқты қалалар еніп отыр.
ҚХР көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының бағалауы бойынша, биылғы айдаһар қайықтары мерекесі кезінде жолаушылар ағынының орташа тәуліктік саны 1,75 млн адамға жетеді деп күтілуде. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32,5%-ға артық.
Осы мереке күндері ірі халықаралық әуежайларда да жолаушылар ағынының өсуі күтілуде. Олардың қатарында Пекин, Шанхай, Гуанчжоу, Шэньчжэнь, Чжухай әуежайлары бар.
Мереке қарсаңында және оның барысында теміржолдар бойынша да жолаушылар ағынының артуы болжанып отыр.
Жұма, 7 маусымда Қытай теміржолдары шамамен 14,3 миллион жолаушы тасымалдаған. 8 маусымда жолаушылар ағыны 17 миллионға жетуі мүмкін.
2023 жылы «Дуаньу» мерекесі кезінде 100 миллионнан астам сапар жасалды, ал туристік шығындар 37,3 миллиард юаньды (шамамен 5 5,2 миллиард) құрады.
Дәстүр бойынша, «Дуаньу» мерекесі айдаһар қайықтарымен жарысумен және «цзунцзи» дайындаумен ерекшеленеді.
Цзунцзи — бамбук жапырақтарына оралған және пішіні үшбұрышқа ұқсайтын әр түрлі салмасы бар жабысқақ күріштен жасалған тәттілер.
Үш күн ішінде Қытайдың қалалары мен ауылдарында қойылымдар, халық ойындары мен жәрмеңкелер өтеді деп жоспарланып отыр
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!