Қытайдың Харбин қаласында 30 қазан күні Harbin United Aircraft Technology Co., Ltd. корпорациясы әзірлеген T1400 атты ауыр салмақты ұшқышсыз тікұшақ өзінің алғашқы сынақтық ұшуын сәтті орындады, деп хабарлайды “Адырна”.
Бұл әуе аппаратының ең жоғары ұшу массасы – 1400 килограмм, әуеде сегіз сағатқа дейін ұша алады. Оның жұмыс биіктігі – 6500 метр, ал көлденең ұшу жылдамдығы – сағатына 180 километрге дейін жетеді.
T1400 тікұшағының құрылымы екі қозғалтқыштан тұрады және жоғары беріктегі композиттік материалдар қолданылған. Мұндай шешім тікұшақтың жүк көтергіштігін арттырып, ішкі кеңістігін ұлғайтқан. Интеллектуалды басқару жүйелерінің арқасында бұл техника құтқару және іздестіру операцияларында, логистикалық тасымалдауда, сондай-ақ орман өртін сөндіруде кеңінен қолданылуы мүмкін.
Бұрандалардың бойлық орналасу сызбасы тікұшаққа жоғары тұрақтылық, маневрлілік және жүк көтергіштік береді. Машина 8 балдық желде, –40°C-тан +55°C-қа дейінгі температурада жұмыс істей алады, әрі таулы аймақтарда, шөлде және аралдарда ұшып-қонуға бейімделген.
Айта кетсек, T1400 – көп мақсатты ауыр платформа ретінде жобаланған. Ол нақты міндетке қарай конфигурациясын өзгерте алады. Жоба тек азаматтық мақсаттарға арналмаған, ол қос мақсатты (dual-use) платформа болып саналады. Болашақта T1400 әскери салада да – логистикалық қолдау, эвакуация, патруль және қамтамасыз ету операцияларында пайдаланылуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
