SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Neiry компаниясы нейрочип орнатылған арнайы үйретілген көгершіндерді көрсетті. Басқару жүйесі құстың миына имплантталған құрылғы арқылы жұмыс істейді. Компания мұндай биодрондарды инфрақұрылымды бақылауға және нысандарды күзетуге пайдалану жоспарын жариялады. Бұл туралы ТАСС жазды.

Neiry түсіндіруінше, көгершіннің арқа бөлігіне бекітілген шағын «рюкзак» пен нейрочип мидың нақты аймақтарына жеңіл нейростимуляция жасайды. Соның арқасында құс бағытын өзі таңдағандай болып, оңға не солға бұрылады. Ұйым бұл тәсіл құстың табиғи реакциясын күшейтетінін, оған психологиялық та, физикалық та зиян келмейтінін айтады.

Құрылғы құрамындағы бейнекамера күн панельдерімен қуат алады. Биодрондар GPS және өзге де навигациялық жүйелер арқылы бағытталады.

Компания негізін қалаушы Александр Пановтың айтуынша, технология тек көгершінге ғана емес, кез келген құсқа қолданылуы мүмкін. Мәселен, ауыр құрылғыларды тасуға – қарғалар, жағалауды бақылауға – шағала, ал теңіз үсті кеңістігін қадағалауға – альбатрос қолайлы.

Neiry мамандарының айтуынша, құс қозғалысын имплантталған нейроинтерфейстермен басқару бағытында Қытай, АҚШ және Үндістан ғалымдары да зерттеу жүргізген. Алайда тәжірибеден іс жүзіндегі қолдануға қадам жасаған алғашқы топ – ресейлік зерттеушілер.

Компания биодрондарды ұзақ мерзімді немесе қашықтан мониторинг қажет нысандарға бағыттауды жоспарлап отыр. Оған электр желілері, газ тарату тораптары және басқа да инфрақұрылым кіреді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!