Ресей әскерилерінің мәлімдеуінше, жексенбіге қараған түні әуе қорғанысы жүйесі 42 дронды атып түсірген. Ал Украина өңірлеріне 100-ден аса дронмен шабуыл жасалды, деп хабарлайды Halyq Uni nur.kz-ке сілтеме жасап.
РФ Қорғаныс министрлігінің ресми Telegram-арнасында жарияланған мәліметке қарағанда, 20 дрон Орлов облысында, 8 дрон Ростов және Брянск облыстарында, 5 дрон Курск облысында, тағы 1 дрон Краснодар өңірінде атып түсірілген.
Оның алдында Орлов облысының губернаторы Андрей Клычков «Стальной конь» қыстағындағы мұнай базасына тағы да шабуыл жасалып, өндіріс нысаны өртенгенін мәлімдеген болатын. Нысан кейінгі бір аптада осымен екінші мәрте шабуылға ұшырап отыр. 14 желтоқсанда түнде украин күштері Орловтағы осы нысанды атқылаған еді. Сол кезде Украина қарулы күштерінің бас штабы мұнай базасын «Ресей армиясына мұнай өнімдерін жеткізуші» деп атаған.
Ростов облысының билігі Таганрог пен Новошахтинскіде дрондардың атып түсірілгенін мәлімдеді. Онда да мұнай өңдеу зауыты бар. Алайда билік шабуылдардың зардабы туралы ешқандай мәлімет таратпады.
Ал Украинаның қарулы күштері жексенбіге қараған түні өз аумақтарына 103 дронмен шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Херсон облысына сенбі күні кешке жасалған шабуылдан 2 адам мерт болған. Бұл туралы өңір басшысы Александр Прокудин хабарлады. Оның айтуынша, FPV дроны тұрғын үйге құлап, өрт шыққан.
Бұл ретте Ресей күштері Херсонды үнемі атқылап жатыр. РФ армиясы Днепр өзенінің сол жағалауына, облыс орталығына дәл қарсы бетке орналасып алған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!