Ресей мен Украина келіссөзден кейін бірінші рет тұтқын алмасты. Екі елдің жаралы тұтқындармен алмасқанын Укрина президенті Владимир Зеленский мен Ресейдің қорғаныс министрлігі растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл – Стамбулда өткен келіссөздер барысында тараптар келісімінің нәтижесі. Тұтқын алмасу туралы ақпарат 9 маусым, дүйсенбі күні Украинадағы әскери тұтқындармен жұмыс жөніндегі үйлестіру штабының, ел президенті Владимир Зеленскийдің және Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми ресурстарында жариялады.
Украина тарапының мәліметінше, 25 жасқа толмаған әскери тұтқындар үйлеріне оралды. Сонымен қатар, қос тарап жараланған және ауыр жарақат алған әскери қызметкерлермен де алмасты.
«Бұл – өте күрделі үдеріс, көптеген шетін сәттер бар, келіссөздер іс жүзінде күн сайын жалғасып жатыр», – деп жазды Зеленский.
Алмасқан әскери тұтқындардың саны әзірге нақтыланбады, бірақ тараптар бұл процестің алдағы күндері бірнеше кезеңге созылатынын растады.
Ресей қорғаныс министрлігі Мәскеу мен Киев тұтқындардың теңдей қайтарғанын нақтылады. Ресейлік әскери қызметкерлер қазір Беларусь аумағында. Оларға сол жерде көмек көрсетіліп жатыр. Кейін олар емделу және оңалту үшін Ресейдің медициналық мекемелеріне жеткізіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!