Бір тәулікте Ресейдің Брянск және Курск облыстарындағы темір жолда  үш бірдей апат болды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Брянск облысындағы алғашқы пойыз апатынан жеті адам қаза тапты, 69 адам жарақат алды, олардың үшеуі — балалар.

«Үш адамның жағдайы ауыр. Жарақат алғандардың жалпы саны – 44 адам, олар ауруханаға жеткізілді және тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Тағы 22 адам амбулаторлық ем алып жатыр», – деп мәлімдеді өңір губернаторы Александр Богомаз.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, апатқа көпірдің жарылуы себеп болғаны анықталған. Бұл ақпаратты Александр Богомаз та растады.

Қазіргі уақытта зардап шеккендерді эвакуациялау аяқталды. Құтқарушылар үйінділерді тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы әзірге белгісіз.

Бұдан бөлек 1 маусымға қараған түні Курск облысындағы Железногор ауданының Остапово – Михайловский кен орны арасындағы өткелінде тағы теміржол көпірі жарылған. Сол сәтте көпір арқылы өтіп бара жатқан пойыз автокөлік жолына құлап кеткен. Оқиғадан кейін тепловоз өртеніп кеткен, алайда ТЖМ қызметкерлері өртті жедел сөндірген.

Аймақ басшысы Александр Хинштейн өзінің Telegram-арнасында алдын ала мәлімет бойынша тепловоз машинистерінің бірі аяғынан жарақат алғанын, ал бүкіл бригада ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта олар дәрігерлердің бақылауында.

Telegram-дағы 112 арнасының хабарлауынша Брянск облысында пойызға қатысты тағы бір оқиға орын алған.

Арнаның мәліметінше, белгісіз біреулер Унеча-Жеча өткелінде теміржолды жарып жіберген. Сол сәтте бұл жерде жол жағдайын тексеретін техникалық пойыз өтіп бара жатқан. Абырой болғанда, ешқандай зақым келмеген, зардап шеккендер жоқ.

Telegram-арна мәлімдеуінше, оқиға орнына шұғыл қызметтер жеткен, алайда ресми органдар мен билік тарапынан әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!