Фото: Гүлмира Әбдірахманова
KAZINFORM – Кеше, 26 тамызда Ресей Федерациясының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералды қызметінің (Роспотребнадзор) бастамасымен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы құзыретті органдар басшыларының кезектен тыс отырысы өтті. Бұл туралы Роспотребнадзордың баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға Армения, Беларусь, Қазақстан және Қырғызстанның санитарлық дәрігерлері қатысты. Оған Тәжікстан мен Өзбекстанның санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік саласындағы құзырлы органдарының басшылары да шақырылды.
Еуразиялық экономикалық одақ елдері, сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстан Ресейден маймыл шешегін анықтайтын тест жүйелерін жіберуді сұрады. Осы аптада алғашқы тест жүйелері Өзбекстанға жеткізілетін болды.
Кеңес мүшелерінің айтуынша, маймыл шешегінің ЕАЭО-ға мүше елдерде, сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстанда таралу қаупі төмен деп бағаланды. Жиында Еуразия аймағының барлық елдерінде жүргізіліп жатқан індетке қарсы шаралар талқыланып, шекарадағы карантиндік бақылау шаралары күшейтілгені айтылды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында өршіп, вирус көрші елдерге таралғаннан кейін екі жыл ішінде екінші рет маймыл ауруын жаһандық төтенше жағдай деп жариялады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!