Фото: pixabay.com

Ресейдегі Түмен облысында қазақ тілін үйренуге сұраныс артып келеді. Түмен облысында қырық мыңға жуық қазақ тұрады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Түмен облысының бірнеше ауданында қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылатын мектептер бар. Қазақ сыныптарында тіпті орын жоқ. Ана тілін үйрену үшін ата-аналар балаларын көрші аудандардан тасымалдауға дайын.

“Осыдан он шақты жыл бұрын бізге 10-15 бала ғана келіп оқитын. Қазір 100-ден астам мектеп оқушылары өз ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін үйренуге ұмтылып жатыр. Олар домбыра, қазақ халық биі үйірмелерінде білім алады”, – деді Түмен қаласының тұрғыны Асқар Үбітайұлы.

Түмендіктер оқулықтар мен мұғалімдер жетіспейтінін айтады. Кейін Алтай республикасының мұғалімдері мәселені шешуге көмектесті. Үш жыл бұрын олар оқу-ағарту министрлігімен сертификатталған оқу-әдістемелік кешендерін әзірледі. Енді ресейлік қазақтар өздерінің оқулықтарын пайдалана отырып, ана тілін мектеп пәні ретінде оқи алады.

“Мәселе мұғалімдерде. Қазіргі уақытта мұғалімдер бар. Олар Қазақстанға барып оқыған. Бірақ мұндай сертификатталған мұғалімдер өте аз. Олар кетсе, одан басқа мұғалімдер жоқ”, – деді Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілі Халел Омаров.

Түмен облысындағы кандастар алдағы уақытта қазақ тілін оқытатын сыныптар көптеп ашылады деген үмітте. Ол үшін Қазақстан-Ресей бірлескен оқу бағдарламасы қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!