Ирандағы ядролық үш нысанға, оның ішінде жер астындағы Фордо кешеніне жасалған шабуылдардан кейін АҚШ-та президент Дональд Трампқа импичмент жариялау мәселесі қайта көтерілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Трамп АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, америкалық ұшақтар қазір Иран әуе кеңістігінен шығып, АҚШ-қа қайтып бара жатыр. Сонымен қатар, Трамп әкімшілігі бұл шабуыл туралы алдын ала Израильді құлағдар еткен. Иран тарапы әуе шабуылдарын растады.
Бұған дейін Трамп Иранға соққы жасау туралы шешімді екі апта ішінде қабылдайтынын айтқан болатын. Ал АҚШ вице-президенті бұл соғысқа тікелей араласуға қарсы екенін мәлімдеген.
АҚШ-тың Иран нысандарына жасаған әуе шабуылдары Израиль мен Иран арасындағы бір аптадан аса уақытқа созылған әуе қақтығыстары аясында болды. Қақтығыстар салдарынан екі елде де қаза тапқандар мен жараланғандар бар.
АҚШ-та Трампқа импичмент талап етілді
Ирандағы ядролық нысандарға соққылардан кейін демократтар АҚШ президенті Дональд Трампқа импичмент жариялауды талап етті. Олар бұл әрекетті конгресс өкілеттігін өрескел бұзу деп бағалап отыр.
«Президенттің рұқсатсыз соққы жасау туралы шешімі – бұл Конституция мен Конгрестің әскери өкілеттігін ашық бұзу. Ол өз бетімен әрекет етіп, бізді ұзақ уақытқа созылуы мүмкін соғыс қатеріне итермеледі. Бұл сөзсіз импичментке негіз бола алады», – деп жазды Нью-Йорк штаты атынан АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының мүшесі Александрия Окасио-Кортес X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында.
Оның мәлімдемесін Иллинойс штатының 6-округінен сайланған конгрессмен Шон Кастен де қолдады.
«Бұл Иранның ядролық бағдарламасының мазмұнына қатысы жоқ. АҚШ-қа тікелей қауіп төндіріп тұрмаған мемлекетті бомбалау, әсіресе Конгресс рұқсат бермесе, ешбір президентке мұндай құқық берілмейді. Бұл – импичментке себеп болатын жағдай», – деп жазды ол X желісінде.
Республикалық партия өкілі Томас Мэсси де Иранға жасалған шабуылдарды «конституцияға қайшы» деп атап, келіспейтінін білдірді. Алайда ол импичментті қолдамады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!