Украина президенті Владимир Зеленскийге Вашингтон ұсынған бейбіт жоспарды қабылдауға тура келеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол мұны Ақ үйде Нью-Йорктің жаңадан сайланған мэрі Зохран Мамданиімен кездесуі кезінде журналистерге айтқан.

Журналистер Трамптан Украинаға қатысты 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспар туралы Зеленскиймен сөйлестіңіз бе деп сұрады.

«Жоспар бар. Бізде соғысты тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізетін жол бар деп санаймыз. Зеленский бұл жоспарды мақұлдауға мәжбүр болады», – деді Трамп.

Журналистер Вашингтонның бұл бейбіт жоспары сынға ұшырағанын еске салды.

«Бұл жоспар Зеленскийге ұнамайды деп отырсыз ба? Оған бәрібір қабылдауға тура келеді, ал ұнамаса, онда, шамасы, соғыс жалғаса береді», – деп жауап берді АҚШ басшысы. 

Сондай-ақ, Трамп бірнеше сағат бұрын өзінің әкімшілігі Украинаға 28 тармақтан тұратын осы бейбіт жоспарды қабылдауға келесі бейсенбіге дейін уақыт берді деп мәлімдегенін еске салды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!