Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израильдің Иранға жасаған шабуылын айыптады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мәліметке сәйкес, Ердоған бұл пікірін Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салманмен телефон арқылы сөйлескен кезінде айтты. Әңгіме барысында тараптар Израиль мен Иран арасындағы шиеленісті, сондай-ақ басқа да аймақтық және жаһандық мәселелерді талқылаған.
“Израиль Иранға шабуыл жасау арқылы Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке ең үлкен қатер төндіріп отырғанын тағы да дәлелдеді”, – деді Түркия президенті.
Ердоған сонымен қатар халықаралық қауымдастықтың Израильдің Палестинадағы әрекеттеріне бейжай қарауы Тель-Авивтің агрессиясын одан әрі күшейткенін атап өтті.
Оның айтуынша, Иранға жасалған шабуыл ядролық келіссөздер жүріп жатқан шақта орын алып, бейбіт диалогқа кесірін тигізіп отыр.
“Израильдің шабуылдары тек аймақтық емес, жаһандық қауіпсіздікке де қауіп төндіреді. Мұндай даулар тек дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы шешілуі тиіс”, – деді Ердоған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!