Фото: superhaber.com

Түркияның Ыстамбұл қаласында прокурорлар 21 сәбидің өліміне әкеп соқтырған заңсыз әрекеттерді жасаған бір топ дәрігерді 10 жылдан 589 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hürriyet басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері жаңа туған нәрестелерді мемлекеттік емдеу мекемелеріне емес, жеке клиникаларға жіберіп отырған.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық желіні Ыстамбұлдағы Эсенюрт ауруханасында жұмыс істеген педиатр Фырат Сары басқарған. Күдіктілер балаларды алдын ала келісім шарт жасасқан жекеменшік медициналық орталықтарға жіберіп отырған. Бөлімше басшылығы жаңа туған нәрестелерді клиникада ұзақ ұстап, емдеуді үш-төрт есе қымбаттатқан.

Басылым бұл іске қатысқан 19 жеке клиниканың тізімін жариялады. Ал іс бойынша ондаған күдікті бар.

Тергеу мәліметінше, сәбилердің өліміне неонаталдық бөлімшелердегі инфекциялардың таралуы себеп болған. Тіпті бұл бөлімшелерде қажет мамандар болмаған. Кейбір жағдайларда өзін дәрігер ретінде көрсететін медбикелер нәрестелердің күтіміне жауапты болған. Топ мүшелеріне тағылған айыптар арасында ауруханаларға арналған дәрі-дәрмектерді сату дерегі де бар.

Банда басшысына адам өлтірді, жалған құжат жасады, алаяқтық жасады және қылмыстық топ ұйымдастырды деген айыптар тағылды. Ол енді 589 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Басқа қатысушылар 10 жылдан 437 жылға дейін сотталмақ. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!