Фото: evrensel.net
Түркияда ұйымдасқан қылмыспен күрес аясында ауқымды арнайы операция жүргізілді. Бұл туралы KAZINFORM хабарлайды.
Күш құрылымдарының бұл әрекеті елдің әр өңірінде ұзақ уақыт бойы әрекет етіп келген қылмыскерлердің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоюға бағытталған.
Түркияның уәкілетті органдарының хабарлауынша, жиналған ақпаратты талдау негізінде ұзаққа созылған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция елдің әртүрлі қалаларында «Далтонлар» қылмыстық ұйымы мен «Барыш Бойун» топтарына қарсы рейд жүргізді.
Түрік қауіпсіздік күштерінің әрекеті кезінде 157 адам ұсталды, олардың арасында ұйымдасқан қылмыстық топтың қатардағы мүшелері де, жетекшілері де бар. Ұсталғандардан атыс қаруы, есірткі заттары және олардың қылмыстық әрекеттерін дәлелдейтін басқа да заттай айғақтар тәркіленді.
«Далтонлар» ұйымдасқан қылмыстық тобының атауы танымал мультфильмнен алынған, бірақ шын мәнінде бұл қауіпті қылмыстық ұйым. Ол ұзақ жылдар бойы заңсыз әрекеттерге белсене араласқан. Бұл топқа есірткі тасымалы, бопсалау, рейдерлік шабуыл, қоқан-лоққы және заңсыз қару-жарақ саудасы бойынша бірнеше айып тағылған. «Далтонлар» Түркияның бірнеше аймағында шоғырланған.
Банда мүшелері қылмыстық желілерді бақылап, қатыгез бандитизм әдістерімен заңсыз табыс табуымен танымал. Ұйым басқа қылмыстық топтармен де байланысын сақтап, қоғамға үлкен қауіп төндірді.
Барыш Бойун түрік қылмыстық әлемінің танымал көшбасшыларының бірі. Оның басшылығымен қылмыстық топ зорлық-зомбылық, контрабанда және басқа да заңсыз әрекеттермен айналысып, өз қызметін негізінен Ыстанбұл және оның маңайында шоғырландырған. Барыш Бойун тобы жақсы ұйымдасқан және қатыгездіктің кез келген түріне бара беретін ұйым. Ол түрік полициясының негізгі және қауіпті нысанасына айналды.
Ұсталғаннан кейін барлық күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, оның ішінде есірткі саудасы, бопсалау және басқа да бірқатар қылмыс бойынша айып тағылды. Жақын арада барлық айыпталушылар сот алдына шығады.
Бұған дейін түрік киберполициясы әлеуметтік желілерде 5 мыңнан астам қылмыстық контентті анықтаған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!