SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Венесуэла оппозициясының көшбасшысы Мария Корина Мачадо Ақ үйде өткен жабық кездесуде АҚШ президенті Дональд Трампқа Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін тапсырғанын мәлімдеді.
Мачадоның айтуынша, марапат бейсенбі күні өткен жеке кездесуде берілген. Алайда Дональд Трамптың медальді ресми түрде қабылдаған-қабылдамағаны нақты айтылмады. Соған қарамастан, Fox News телеарнасы Ақ үйдегі дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ президентінің сыйлықты қабылдағанын хабарлады.
«Менің ойымша, бұл — венесуэлалықтар үшін тарихи күн», — деді Мария Корина Мачадо Трамппен алғашқы жеке кездесуінен кейін.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың арнайы құрылымдары Каракаста Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындағаннан кейін, 2024 жылғы сайлауда жеңіске жеткенін мәлімдегенімен, Мачадоны Венесуэланың жаңа көшбасшысы ретінде ресми түрде қолдаудан бас тартқан болатын.
Қазіргі таңда АҚШ әкімшілігі Мадуро билігі кезінде вице-президент қызметін атқарған, ал қазір ел президентінің міндетін уақытша атқарып отырған Делси Родригеспен жұмыс істеуді жалғастырып отыр.
Еске сала кетсек, кеше Дональд Трамп алғаш рет Венесуэланың уақытша президентімен телефон арқылы сөйлескен. Ал 12 қаңтар күні АҚШ президенті өзін Венесуэла президентінің міндетін атқарушы деп жариялағанын мәлімдеген еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
