KAZINFORM — Апта басынан бері жауған нөсер жаңбырдан кейін Уганданың шығысындағы Букво және Квен округтерін көшкін басып, 9 адам көз жұмды. Оның ішінде 6 адам бір отбасының мүшесі, деп хабарлайды ANEWZ.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, апат қатты жаңбыр салдарынан болған. Себей шағын ауданында бірнеше үйді су басып, лай көшкен. Үш бала Букво округінде, тағы 6 бала көрші Квен округінде қайтыс болды.
Жергілікті басшы Джудит Челангат түнгі сағат 3-тер шамасында апат туралы хабар берілгенін айтты.
— Олар маған «Каптанг ауылының тұрғындары көшкін салдарынан көз жұмды. Көмекке келіңіз» деді. Жолдасымды оятып, оқиға орнына жедел жеттік, — деді ол.
Джудит Челангат табиғи апаттан кейін округтерде қирандылар көп екенін айтты.
— Адамдардың айқайлағанын естідік, бірақ біз оларға жете алмадық, құтқара алмадық. Көмек сұрағандарға жетемін дегенше, таңғы сағат 5 шамасы болды. Ол үйдің ішіндегілер қаза тапты. Көрші үйдегі екі адам аман қалды, өйткені олар қашып үлгерген, — деді Джудит Челангат.
Уганда Қызыл Крестінің қызметкерлері мәйіттер мен заттарды алу үшін қалың балшықты қазып жатқан тұрғындарға көмектесті.
— Лай барлық жерді жайлап кеткен, бірде-бір үй балшықтан көрінбеді. Біраз жұмыстан кейін мәйіттерді алып шықтық. Үш отбасы зардап шекті, 6 адам қайтыс болды, тағы 4-уі ауыр жарақат алып, қазір ауруханада жатыр, — деді Қызыл Крест қызметкері Мосес Чечо.
Сондай-ақ көшкін Капчорва-Суам жолындағы көлік қозғалысын тоқтатты. Бұл жерде SIT көпірі су тасқынының астында қалған. Толассыз жауған жаңбыр мен жолдың нашар жағдайы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің шалғай аудандарға қатынауына кедергі келтірді.
Жергілікті билік, Уганда Қызыл кресті және қауымдастық мүшелері жоғалған тұрғындарды табу және қоныс аударған отбасыларға көмектесу үшін бірлесіп жұмыс істеді. Каптанг ауылының дронмен түсірген кадрларында ауыл шаруашылығы жерлері балшыққа толы екенін және үйлердің ізі ғана көрінеді.
Соңғы жылдары табиғи апат Уганданың таулы аймақтарының климаттық көшкіндерге осалдығын көрсетті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
