Фото: ura.ru

Украина президенті Владимир Зеленский 8 желтоқсанда Telegram арнасында Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталғалы 43 мың украиналық сарбаздың қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.

Оның айтуынша 370 мың әскери қызметкер жарақат алған. Зеленскийдің айтуынша, жараланғандардың шамамен 50 пайызы қайтадан сапқа оралады.

Зеленский Ресей армиясының шығыны туралы да ақпарат берді.

«Украина қарулы күштері бас штабының жаңартылған деректеріне сәйкес, ресейлік әскердің шығыны 750 мың адамнан асып кетті. Оның ішінде 198 мың ресейлік қаза тапқан, ал 550 мыңнан астамы жарақат алған», – деп атап өтті Зеленский.

Ол сондай-ақ қыркүйек айынан бері Ресей майданда адам шығыны бойынша 5 есе, кейде 6 есе көп шығынға ұшырауда деп қосты. Украина президенті Украина мен Ресей армиялары арасындағы басты айырмашылықтардың бірі ретінде фронттық медицинаның даму деңгейін атап өтіп, бұл көрсеткіштің Украинада айтарлықтай жоғары екенін айтты.

Зеленский сондай-ақ 2014 жылдан бері Ресей тұтқынында қалған мыңдаған адамдарды, соның ішінде әскери және бейбіт тұрғындарды еске салды.

«2022 жылдың 24 ақпанынан бері біз Ресейден 3935 адамымызды қайтардық: олардың 3767-сі әскери, 168-і бейбіт тұрғындар. Біз барлығын қайтаруымыз керек, бұл әлі де үлкен жұмыс», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Украина президенті Ресейге заңсыз депортацияланған жүздеген мың балалар мен Ресей басып алған украин жерінде кем дегенде бірнеше миллион адам қалғаны туралы жазды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!