Фото: ru.freepik.com
Қытайда рейстердің бірінде жолаушыны қымбат Louis Vuitton сөмкесін орындықтың астына қойғысы келмегені үшін ұшақтан шығарып жіберген. Бұл жағдайдың салдарынан рейс бір сағатқа кешіккен, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Daily Mail»-ге сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, оқиға Чунцин муниципалитетіндегі әуежайдан ұшуға дайындалып жатқан ұшақтың бортында болған. Жолаушы эконом-кластан орын алған. Экипаж әйелден сөмкені орындықтың астына қоюын бірнеше рет талап еткен, бірақ ол одан бас тартқан.
Басқа жолаушы түсірген видеода әйелдің жолсерікпен жанжалдасып жатқанын байқауға болады. Содан кейін ол олардың талаптарын елемей, ары қарай телефонда ойын ойнауын жалғастырады. Ұшақ жолаушыны түсіру үшін қонатын жерге оралуға мәжбүр болды. Видеода басқа жолаушылардың шапалақтай бастағаны естіледі.
Басылымның хабарлауынша, Қытайда Louis Vuitton сөмкесінің бағасы шамамен 3000 доллар тұрады, ал China Express Airlines басқаратын Чунциннен Хэбэй провинциясына баратын рейстің эконом-класының билеті шамамен 110 долларды құрайды.
Бұл оқиға қытай әлеуметтік желілерінде қызу талқыланды. Бірі экипаж әрекетін сынап, жағдайды бейбіт жолмен шешуге болатынын жазды.
«Жолсерік оған сөмкеге арналған пакет ұсынса болатын еді. Бір сағат жоғалтып, оны рейстен түсірудің қажеті бар ма еді?», – деді желі қолданушысы.
Алайда жолаушының өзімшілдігін сынап, экипажды қолдағандар көп болды.
«Жолсеріктің ережені сақтауды талап етуі тектен-тек емес. Әйел сөмкесі жайлы емес, өзінің және басқа жолаушылардың қауіпсіздігі жайлы ойлауы керек», – деді басқа желі қолданушылары.
Әдетте жолаушылардан апаттық шығуларды бұғаттаудың алдын алу үшін немесе заттарды ұшақ бортындағы ықтимал снарядтарға айналдыру мүмкіндігін болдырмау үшін қол жүгін үстіңгі багаж сөрелеріне немесе олардың алдындағы орындықтардың астына қоюды сұрайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!