Адамды адам еткен – ақыл. Сол ақылды біліммен ұштастырып, еңбекпен тәрбиелеу арқылы адамды асыл мұратына жеткізуге болады. Еңбекке баулу баланы ақылмен жұмсаудан басталады. Бүгінде ата-аналардың дені балаларын жұмсағысы келмейді, аяйды, ауырып қалар дейді, сабағын оқысын деген жанашырлығы тағы бар, одан кейін ат жалын тартып, азамат болғанда жұмыста жүр ғой, шаршайды дейді, сөйтіп қартайған кезде де баласын жұмсай алмай пұшайман күйде қалғанын көру сондай қиын. Бірақ мұны ата-ана бала кезден еркімен жібергендіктен, жұмсамағандықтан болғанын тым кеш түсінеді.

Баланы үйде ата-анасы, ата-әжесі жұмсап, үй шаруашылығына баулыса, мектепте мұғалім көркем еңбек пәні арқылы еңбек дағдысын жаңа сатыға көтереді. Адам өмірі үшін өте маңызды әрі уақыт өткен сайын құндылығы артып келе жатқан еңбекке баулу пәні бүгінде жаңартылған білім мазмұнымен жетілдірілу үстінде. Жаңа инновациялық технологиялар пәнге деген оқушылардың қызығушылығын арттыруға үлкен көмек болып отыр.

Баланы еңбекке баулу пәнінің тарихы сонау 1887-1888 жылдары ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсарин ашқан қазақ мектебінен басталады екен. Ұстаз пайымына ден қойсақ, еңбек тәрбиесі – тәрбиенің қайнар көзі. Оқушыларды кәсіпке, ұйымдастыру ісіне, іске асыру жұмыстарына бейімдеу – пәннің негізгі мақсаты деп саналады. Бұл сабақта оқушы ұқыптылыққа, іскерлікке, әдемілікті сезінуге үйреніп қана қоймайды, ең алдымен өзіне пайдалы болуға дағдыланады. Бұл оқушының өзіне өзі қызмет қылуды үйренетін ортасы десек артық айтқандық емес.

Еңбек пәнінің негізгі ұстанымы – сөзден іске көшу. Іс-әрекет арқылы оқушының икемділігі, іскерлігі, шеберлігі, бейімділігі қалыптасады. Бүгінгі білім беру кеңістігіндегі жаңашыл бағыттардың бірі – бағдарлау. Міне, осы көркем еңбек пәні оқушының қабілетін ашуға көмектеседі және соған сай білім беріледі. Бала мұғалімнің түсіндірген жұмысын дер уақытында қолымен орындап, нәтижесін көзбен көру арқылы өзіне деген сенімге ие болады және өзін өзі бағалауға мүмкіндік алады. Көркем еңбек пәнінде, мысалы, білу мен түсіну, білімді қолдану, талдау, жинақтау және бағалау негіздері толық жүзеге асады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: көркем еңбек пәнінің мәні оқушылардың елестету мен бақылау қабілеті, кеңістікте тану және көзбен көріп, түйсікпен сезінуі арқылы шығармашылық іс-әрекетін – көркемдік-технологиялық білім дағдысын дамытады. Ата-ананың кешкісін үйде баламен әңгімелескенде көркем еңбек пәнінде не үйренгенін сұрап отырғаны да абзал.

                                                                  Мадина ЖАКСЫЛЫКОВА,

                                                                  Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!