Фото: kazgazeta.kz

Бұл – қазақ халқы ұстанатын басты қағида. Өзіне жетпей жатса да, өзгені ойлайтын, көңілге қарап сөйлеп, ұлтына, тіліне қарамастан адамды бауырындай жақын тартатын қазақтың пейіліне осы ұлан-ғайыр дала бұйырған секілді.

«Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе нең қалар?» деген бабаларымыз татулық болса, тыныштық та болатынын өсиет еткен. Жылда бірлік күні қарсаңында тарихқа шолу жасайтынымыз рас. Ешкімді бөліп-жармай, сан ұлтқа төрінен орын берген қазақтың сол кездегі ниетін естіп, білгенде қазіргі ауызбіршіліктің қадірін ұғына түсесің. Сәуір айының жиырма бесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу » атты ХХХІІІ сессиясы өтті. Ел Президенті тасқын судан зардап шеккен халыққа көмек көрсету кезінде еліміздің мызғымас бірлігі айқын көрінгенін атап айтып, Ассамблеяның маңыздылығына тоқталды.

Президент тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанына да тоқталды. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен – жүрекке!» ауқымды акциясы жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды.

– Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі.

Мен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы бардым. Кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдірді. Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес.

Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз, – деді ел Президенті.

Ұлттық статистика бюросы ұсынған кейінгі деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан халқының саны – 20075271 адам. Оның ішінде 71 пайызға жуығы қазақ ұлты болса, 29 пайызы – өзге этнос өкілдері.

Ел әлеуетінің мықты болуына ең әуелі ішкі бірлік, түрлі этнос өкілінің өзара жанашырлығы мен татулығы ықпал ететіні рас.

Тарихты не үшін айта береміз?

Жуырда журналист Руслан Меделбек Қазақстан мен Қырғызстанда туып-өсіп, Германияға көшіп кеткен немістерге қонаққа барып, солардың өміріне куә болғаны туралы жазба қалдырды.

– Ұлты неміс Роза апа «әлі қазақша рошкиімізді пысырамыз» дегенде көзіме анамның етпен кішкене сорпасы бар «бермешелі» елестеп кеткені. Роза апаның жолдасы Яша атаның «қой, сиырды кезектесіп жайғанмын, қазақтар мені неміс деп бөлмеді» дегенде сүйсіндім. Роза апа Ақсуат (Абай облысындағы) ауылында өсірген сиыр, жылқыларын суретке түсіріп алып, Германиядағы үйінде тоңазытқышқа жапсырып қойғанын шын жүректен айтқаны, тіпті «сағынасың, сағынасың» деп күрсінгені де сағыныш деген сезімнің ұлылығын көрсетіп берді. «Қазақтарымыз ас ішкенде «бісіміллә» деп бастайды» дегенде, адал ас пен дастарқанның қасиетін сезгендей болдым.

Қазақстанда туған Елена Қаражорға мен Қамажайға билегенде көзі жайнап, Германиядағы мерекенің гүлі мен сәніне айналып шыға келгенін де көрдік, – дейді ол.

Ауылдағы жұрттың ақ көңілі мен көмегін ұмытпаған немістердің сағынышы жүректі елжіреткені рас.

Кейде «неліктен тарихты еске ала береміз?» деген де ой келетіні бар. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссия мүшесі, ҚХА Аналар кеңесі төрағасы Назипа Шанаи «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында жақсы пікір білдіріпті.

– Ассамблеяның сессиясы – ұлттық тәрбие сағаты. Бұл – қазаққа рақмет айту арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, ұлтына қарамастан елге еңбегі сіңген азаматтарды үлгі ретінде таныту, қоғамымыздың жақсылығын паш ету, ортақ Отанға қызмет істеуге ұйыстыру шарасы.

Әр сессияда сөз сөйлейтін өзге ұлт өкілдері міндетті түрде қазақ жеріне келген тарихына тоқтайды. Көп адамдар таң қалады, «неге осыны қайталай береді» деп. Қайталау қажет, себебі кешегі қиыншылықты бірлесе еңсерген ұрпақ азайып барады. Ал тәуелсіз елде еркелеп өскен жастар ол тарихты білмейді, білмегендіктен бүгінгі қоғамдағы ауызбіршілікті бағалай алмай қалуы мүмкін деген қауіп бар, – дейді ол.

Расымен, өткеннен өнеге алғанда ғана бейбітшіліктің бағасын білеміз.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі тұтастықты нығайтуда маңызды рөл атқаруда. Бұл ұйымның қажеттілігін халықаралық ұйымдар да, дамыған мемлекеттер де мойындады. Назипа Ыдырысқызының айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтасу ұйымы (ОБСЕ) Ассамблеяның қызметін зерттеп, зерделеп, өзінің құрамындағы 56 елдің тіліне аударып, таратқан.

Ұлттық құндылықты ұлықтаған жан

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде еңбек еткен уақытта жүзі жылы, қашан көрсең мейірімді қалпымен әпкеңдей тіл қататын Гульчин апайды жиі көретінмін. Кейін білдім, Гульчин Гейдарова 2004 жылдан бері облыстағы түрік этномәдени орталығының жетекшісі болып қызмет атқарады екен. Ізгілікке, жақсы іске үлес қосуға әрдайым әзір жерлесімізге 30 жасында-ақ бұл жауапкершілігі мол жұмыс сеніп тапсырылыпты.

– 1944 жылы ата-әжелерім Қазақстанға депортацияланғанда, әкем 2 жаста екен. Қараша айы болғасын келушілердің көбі күннің суықтығы, жағдайдың жоқтығынан көп қиындық көріпті. Сонда ауылдағы ағайын барымен бөлісіп, қолынан келгенше көмек көрсеткен. Тіпті аяқ киімнің жоқтығынан мал терісін орап, жан сақтапты. Қазақтар өз үйлеріне келушілерді бөліп алып, кейін жаңа үй соғып, бөлек шыққанда екі сиыры болса, соның бірін берген. Ұйымшылдық біріктірген ауылда бәрі бір-біріне мейірімді болатын, – дейді ол.

Мектеп бітіріп, жоғары білім алғаннан кейін де Гульчин апай жолдасымен бірге Қызылордада тұруды қалапты. Бүгінде мектепті үздікке аяқтаған екі ұлы да қазақ тілінде өткен байқаулардың жүлдегері.

– Бала күнінде кіші ұлым үйге «мен қазақпын ба, әлде түрікпін бе?» деп келетін. Себебі қазақы ортада өсіп, салт-дәстүрін, қазақ тілін меңгерді. Кейін орыс мектепте білім алса да, қазақша аңыздар мен мақал-мәтелдерді жетік білетін. Ал үйде түрікше сөйлесеміз. Қазақы әдет-ғұрыптармен қатар түрік дәстүрлерін де ұмытпағанбыз, – деді Гульчин Әнсерқызы.

Бүгінде облыста 1200-ден астам түрік ұлтының өкілі бар. Осы жылдың желтоқсан айында түрік этномәдени бірлестігінің қазақ жерінде құрылғанына да 20 жыл толмақ.

– 1995 жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Елдің мықты болуы өзара татулық пен ынтымаққа тікелей байланысты. Тәуелсіздік алған 33 жыл ішінде халқымыз бірлігінің берік екенін көрсетті. 1944 жылы дүниеге келді деген балалардың өзі бүгінде 80- ге толды. Ауылдағы үлкендердің де қатары сиреді. Сол қысылтаяң күндерден бері қанша уақыт өткенін осыдан-ақ көруге болады. Ата-әжеміз қазақтардың жақсылығын үнемі еске алып, алғыс айтып отыратын. Әрдайым берекеміз артып, бірлігіміз берік болсын, – деді Гульчин Әнсерқызы.

Р.S. Бұл күннің маңызын осыдан-ақ түсінуге болатын секілді. Ата-бабаларымыз татулық пен даналық арқылы елдікті нығайтты. Біздің ендігі міндет – сол ізді жалғау, барды бағалау.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!