2022 жыл тек даулы қылмыстық істер және Қаңтар оқиғасымен ғана емес, шенділердің кей мәлімдемелерімен де ел есінде қалды. Бірі сөзінен сүрініп, күлкіге қалса, енді бірі жөнсіз мәлімдемесі үшін көптің сынына ұшырады. Арасында мәселені оңтайлы шеше алмағаны үшін қызметінен кеткендер де бар. Stan.kz 2022 жылы халықтың сынына ұшыраған шенділердің тізімін дайындады. 

2022 жылдың 2 қаңтарында газ бағасының өсуіне байланысты Жаңаөзен тұрғындары митингке шыққан еді. Сұйытылған газды 60 теңгеге дейін арзандатуды сұраған олар АХАЖ ғимаратының алдына жиналған еді. 

Халық наразылығынан кейін бұрынғы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Нарықтағы жағдайды түсіндірген ол газ бағасының өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін жеткізді. Сонымен қатар брифингке сарапшы ретінде шақырылған министрдің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдинов те өз ойын ортаға салған еді. Алайда көпшілікке “оның кеңесі” жақпай қалды.

«Бағаны нарық қалыптастырады. Ол жалақыға немесе кіріске байланысты емес. Егер адамдар бұл бағаға наразы болса, кез келген уақытта қоғамдық көлікті қолдана алады», – деді Байділдинов. 

Бұл сөзінен кейін Байділдинов сынға ұшырап, 3 ақпанда энергетика министрінің штаттан тыс кеңесшісі лауазымынан босатылды. 

«Тыңда ёпт…»

Жаңаөзенде басталған митингтен кейін бүкіл Қазақстан аумағында наразылықтар өрши түсті. 4 қаңтарда Талдықорғанда жүздеген тұрғын алаңға жиналды. 

Наразылар саны өсіп, олар әлеуметтік, экономикалық және саяси сипаттағы талап қойды. Кейін жұртшылықпен кездесуге Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаев келіп, микрофонмен көпшілікті сабырға шақыруға тырысқан. Алайда халық шулағандықтан, әкімнің аузынан былапыт сөз шығып кетті. 

«Тынышталыңдар, тыңдаңдар. Араларыңда адамдар бар ма? Менің жанымда полиция басшысы тұр. Ұсталғандарды босата алады. Тыңда, ёпт…», – деді ол.

Әкімнің бұл сөзінен кейін халық наразылығы одан әрі ушықты. Ал Бозымбаев алаңнан кетіп қалды. 

«Астында ма, үстінде ме»

Үкімет отырысының брифингінде мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен журналистің арасындағы қысқа диалог көптің талқысына түскен еді.

Журналист министрден Бозжырадағы шипажай аумағының жобасы туралы сұраған. Алайда Абаев журналист Айнұр Коскинаға өз сұрақтарын қойды. 

«– Сіз үстінде болдыңыз ба, астында ма?

– Астында да, үстінде де.

– Астында да, үстінде де болдыңыз ба? Сіз белсенді турист екенсіз. Себебі астында да, үстінде де болғандар өте аз.

– Менің жол нұсқаушыларым мықты болды.

– Қай жерде көбірек ұнады: астында ма, үстінде ме?

– Үстінде көбірек ұнады», – деді олар қысқа диалогта. 

Министрдің видеосы желіде тез тарап, қызу талқыға түсті. Көпшілігі министрдің «ыңғайсыз» сұрақтарды әдейі қойды деп топшылады. 

Уәдесін орындамаған министр

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет кулуарында баларының неліктен Кипрде оқитынын түсіндіріп, олардың алдағы уақытта Қазақстанға келетінін және қарапайым мектепке оралатанын айтты. Тіпті фотодәлелдерді ұсынатынын да мәлімдеген.

«Мен бір күн бұрын ғана министр болдым. Бір күн ішінде жеке өміріңде де, білім және ғылым жүйесінде де ештеңе өзгерту мүмкін емес. Балаларым қарапайым мектепке оралады. Ол жайлы да фотомен есеп беремін, сол себепті менің әл-ауқатым мен балаларым үшін уайымдамаңыздар», – деді Саясат Нұрбек.

Ал 23 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Саясат Нұрбек уәдесін орындағанын, жазда балаларының елге келгенін хабарлады. Бірақ балалары білім алуды шетелде жалғастыруды қалаған екен. 

«Елге келгеннен кейін балаларыммен отырып сөйлестім. Олар қазір есейіп қалды, өздігімен шешім қабылдай алады. Шетелдік мектептер сол жағынан жақсы, өздігімен шешім қабылдауға, сыни ойлауға үйретеді. Олар өз шешімін жасады. Оқуды Кипрде жалғастыруды жөн көрді. Балаларымның таңдауы мен құқығын құрметтеп, олардың шешімімен келістім. Қазір бар күшімді министрліктің дамуына жұмсап жүрмін», – деді министр.

Мемге айналған Бекболат

үркияда жүрген экс-депутат Бекболат Тілеухан Нартай Аралбайұлына сұхбат берді. Әйткенмен сұхбат барысында журналистің білімін тексеріп, оқыған кітаптарын сұраған Бекболат Тілеухан желіде көптің сынына қалды. Кейін бұл сөзі желіде мемге айналып кетті.

Тілеухан Аралбайұлынан «Конец власти» мен «Окна Овертона» кітаптары туралы сұрайды. Мұндай кітаптарды оқымағанын айтқан журналиске ол «Сенімен қалай сөйлесемін» деп жауап қатады. 

Экс-депутаттың сынға ұшырауына бұдан екі жыл бұрын айтқан сөзі себеп болды. Желідегі видеосында ол «Ана кітапты оқыған, мына кітапты оқыған деген бос сөз, ағайын. Бастарыңызды қатырмаңыздар. Өздеріңізге не керек, соны оқыңыздар» деген еді. 

«Шайына тосап пен бал қосып ішетін» министрлер

Бұрынғы сауда министрі Бақыт Сұлтанов қант тапшылығы кезінде айтқан сөзімен көптің есінде қалды. Дүкен сөрелерінде қанттың жоғына қарамастан ол елдегі тәтті өнімге деген «тапшылықтың жоқ» екенін мәлімдеген. Кейін өз сөзінде шайына қанттың орнына бал қосып ішетінін айтып, желіде сынға ұшырады. 

«Мен мұны көріп отырмын және білемін. Сұрақ қойған соң айтайын, мен қантпен шай ішпеймін, балмен ішемін», – деді ол. 

Қант дауы кезінде Бақыт Сұлтанов қызметінен кетіп, оның орнына Серік Жұманғарин тағайындалды. Алайда қызметіне кірісе салысымен ол да сынға қалды. 

«Бір кездері мен кеңес армиясында қызмет еттім, онда бізге қант бермейтін. Мен қантсыз қара шай ішемін, әрине, тосаппен», – деді Жұманғарин сейсенбіде үкімет дәлізінде журналистердің сауалына жауап беріп.

Жылы жерде жұмыс істегенді ұнататын әкім

5 қарашада Риддер қаласында жылу электр орталығындағы апатқа байланысты 22 мың отбасы жылусыз қалды. Ал 7 қарашада қалада төтенше жағдай жарияланды. 

Риддердің жылусыз қалуына байланысты арнайы репортаж дайындаған журналист Асхат Ниязов қала әкімі Дмитрий Горьковоймен сұхбаттасып, қала жағдайын талқылады. 

Тілшінің сұрақтарына жауап берген Горьковой тұрғын үйлердегі жылу 17-23 градус аралығында екенін мәлімдеді. Алайда кабинетіне қосымша электр жылытқышты қойған ол «жылы жерде жұмыс істеуді ұнататынын» айтып, ақталды.

«Пәтерлердің көпшілігі жылу маусымына дайын болмады. Батареялар қызып тұр, менің үйіме де барсаңыздар болады. Дайындық туралы паспорт алған пәтерлерге барып көріңіздер. Температура 17-23 градус аралығында. 

– Батареялар қызып тұр дейсіз, онда неге үлкен жылытқыш қойып қойғансыз?

– Мен жылы әрі ыңғайлы болғанын қалаймын, сондықтан қосымша жылытқыш қоямын», – деп жауап қатты әкім. 

Эфирде түкірген Сайыров

Риддерден кейін Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығында апат болып, қала бірнеше апта жылусыз қалған еді. Апаттан соң Екібастұзға барып, тікелей эфирде жылу электр орталығындағы мәселелерге қатысты сұраққа жауап берген мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың әрекеті желіде қызу талқыланды. Эфир кезінде депутаттың түкіргені камераға түсіп қалған. 

Көп ұзамай Ерлан Сайыровтың өзі бұл жағдайдың қақаған аязда және адам жоқ жерде болғанын айтып, ақталды. 

«Біріншіден, қауымнан, егер қолайсыз жағдайға қалдырсам, кешірім сұраймын. Екіншіден, кеше кешке Екібастұзда өте аяз болды, далада тұрғандықтан осындай жағдай болды. Далада төрт-бес сағат жүрдік, ТЭЦ-қа бардық, сол кезде тамағым құрғап кеткен болуы керек. Біз қоғам алдында әрбір қадамымыз үшін жауап беріп, азаматтарға жүріс-тұрысымызды түсіндіріп отыруымыз қажет деп есептеймін. Тағы да қолайсыздық үшін кешірім сұраймын! Мен ел алдында әрқашан ашық болуға тырысамын”, – деп жазды ол өз Facebook-парақшасында. 

“Қасым-Жомарт Кемелевич Котакаев”

14 желтоқсанда премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттар отырысын өткізді. Бұл жиында мәжілісмен және Маңғыстау облысы ҰҚК бұрынғы басшысы Ерлік Тайжанов президенттің есімін айтуда қателесті. Өз сөзінде ол «мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Котакаев назар аударды» деді.

Желі қолданушылары шенеуніктің бұл әрекетін сынап, “Бір президентті аты-жөнін айта алмаса, неге отыр екен?”, “Жылау керек мұндайда, күлетін сөз жоқ”, “Білдей президентті “Котакаев” десе, халықты не дер екен” деп пікір қалдырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!