М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің  “Инабат” қыздар клубы мүшелері “Сен қазақтың қызысың, Жібек, Баян ізісің…” тақырыбындағы арнайы танымдық сабақ барысында қала орталығындағы “Анаға тағзым” әйелдердің креативті индустрия орталығына саяхат жасады.

Мақсаты – қазақ халқының ұлттық болмысын сақтай отырып, қыздарға жат қылықтарды ажырата білуге, олардың денсаулығына, тәрбиесіне келтіретін зияны туралы түсінік беру және олардың ішкі, сыртқы жан дүниесінің әдемі де арлы болуына шақыру.

Арнайы танымдық саяхат сабағы аясында студент қыздар орталықтың “Мирас” әжелер клубы, “Бойтұмар” қыздар клубы, “Сырғалым” сырласу клубының жұмыстарымен кеңінен танысып, “Ұлт жақұты” музей залын аралады. Әр клубтың, музей жұмысының тынысын орталық мамандары, клуб жетекшілері жіті түсіндіріп, тереңірек таныстырды.

Сондай-ақ, “Мектепке дейінгі тәрбие” бөліміне қарасты МДБ-Т-23 оқу тобының топ жетекшісі және колледж психологтарының ұйымдастыруымен “Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі” атты семинар-тренинг өтті.

Мақсаты – қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық және ұлттық қасиеттерін таныта білу.

Шараға колледж психологтары Ж.Уалибекқызы мен Ұ.Арысқызы қыз тәрбиесі жайлы кеңірек ақпарат беріп қыз тәрбиесіне және салауатты өмір салтын ұстануға байланысты тренингтік жаттығулар жүргізді.

Ал халықаралық отбасы күніне орай “Филология” бөлімінің ұйымдастыруымен эсселер байқауы өтті.

Жазба жұмысы сайысына бөлімнің отызға жуық білім алушысы қатысып, “Мен және менің отбасым” тақырыбын тарқатты. Мерейлі мереке аясында өткен байқау студент жастардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, отбасылық құндылық, жанұялық жылулықтың қадірін тереңінен ұғындырды.  Байқау қорытындысында І орынды  ҚТ-Ж-23 тобынан Әбілхан Аруна,  ІІ орынды ҚТ-З-22 тобы студенті Ниязбекқызы Жібек және ІІІ орынды ҚТ-З-22 тобынан Двоеглазова Виктория жеңіп алды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!