Халық үшін жердің құны жоғары. Кім болмасын,  өмірлік мақсатының бір бөлігін жер алып,  шаруашылық жүргізу, үй салумен байланыстырады.  Содан болар, жер мәселесі әлсін-әлсін назарға ілінгенін байқаймыз.  Осы орайда қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғанибек Омаровпен кездесіп, салаға қатысты сұрақтарға жауап алудың сәті туды.

– Ғанибек Маратұлы, қазіргі таңда жер телімін алуда қандай өзгерістер бар?

 – Қазіргі таңда тұрғын үй салу мақсатында жер учаскесін алу екі деңгей бойынша жүргізіледі.  Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер уческесін беру қағидасына 2021 жылы өзгеріс енгізілген болатын. Осы өзгеріске сәйкес, қалалық сәулет және құрылыс бөлімі тарапынан бірінші кезең бойынша жауапты. Ал жер қатынастары бөлімі екінші кезең бойынша жұмыс атқарады. Бірінші кезең дегеніміз кезекте тұрған азаматтар қала әкімдігіне өтініш білдіреді, әрі қарай соған сәйкес сәулет және құрылыс бөлімі инфрақұрылым бойынша қатынас хат жолдайды. Әр мекемеден қорытынды алғаннан кейін кадастрлық жоспарды әзірлеуге жібереді. Екінші кезеңде жерге орналастыру бойынша жұмыстар бекітілген соң әкімнің қаулысы әзірленеді. 2021 жылдың наурыз айынан бастап осы бағытта жұмыстар атқарылуда.

Жалпы Қызылорда қаласына тоқталсақ, 2005-2022 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін  70 007  азамат жер кезегінде тұрды. 2005 жылы 11 163 азамат кезекке тіркелсе, оның 3 200-і әлі жер алмаған.

 – Жерді жалға беру қалай жүргізіледі?

– Өзіңіз білетіндей, 2015 жылға дейін жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері азаматтарға меншік құқығына берілген. Бірақ бұл мүмкіндікті  пайдаланған азаматтар жер учаскесін игермей, сауда-саттыққа, яғни, бизнеске айналдырып жіберген. Осы мәселелерге шектеу қою мақсатында ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес, 2016 жылдан бастап жер 3 жыл мерзімге жалға берілуде.

– Аукцион (сауда-саттық) арқылы жер сату, жалға беру туралы айтып өтсеңіз. Қазынаға түскен қаржы қанша?

– 2022 жылдың қаңтар айынан бастап жер учаскесін сату, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша қала бюджетіне 279 млн 757 мың теңге түсті. Ал жалға алу, жер учаскесін сату бойынша 31 млн  260 мың теңге, жалға алған жер учаскесі бойынша 6 млн 344 мың теңге қаражат түсті. Бүгінгі күнге дейін барлығы 317 млн 362 900 теңге қала бюджетіне түсті.

 – Жерді тиімді пайдаланбау – саладағы олқылықтың бірі…

– Дұрыс айтасыз, саладағы негізгі мәселенің бірі – жерді тиімді пайдаланбау жағдайы. Қазіргі жеке тұрғын үй құрылысы үшін, кәсіпкерлік үшін және ауыл шаруашылығы үшін берілген жер учаскелеріне түгендеу жұмыстары жүргізі­луде.

Оның негізгі мақсаты – нысаналы мақсат бойынша игерілмеген жер учаскелеріне кодекс талаптарына сай шара көру.

Түгендеу жұмысының нәтижесімен кәсіпкерлік үшін 40 жер учаскесі, одан бөлек ауыл шаруашылығы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 3000-ға жуық жер учаскелері Қызылорда қалалық кірістер басқармасына ұсынылды.

Сонымен қатар мақсатына сәйкес игерілмеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің меншік иелеріне жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесімен 7 жер учаскесі өз еркімен мемлекет қорына қайтарылса, 619 жер учаскесіне мал басын тіркеу арқылы мақсатына сәйкес игерілуде. Одан бөлек, пайдалану мерзімі аяқталған 92 жер учаскесі және жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 1475 жер учаскесі мемлекет қорына қайтарылды. Басты талап – заң шеңберінен аспау.

– Көптеген жастың көкейдегі арманы – кәсіп бастау. Осы орайда кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімін алу үшін қандай талап орын­­далу шарт?  

– Соңғы уақытта кәсіпкерлікпен айналысуға құлықты жастар көбейгені рас. Мемлекет тарапынан көптеген жоба жүзеге асып жатқанын да көріп отырмыз. Соның ішінде кәсіпкерлік мақсатта жер учаскесін алу ісі назар аударуға тұрарлық. Бұл бағыттағы жұмыстар саладағы сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға, барынша ашық қоғам қалыптастыруға түрткі болуда. Мәселен, Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, кәсіпкерлікпен айналысу үшін кәсіпкерлік бағытында пайдалануға болатын жер учаскелерін жер қатынастары бөлімімен сәулет және құрылыс бөлімімен бірлесе отырып, қаланың бас жоспары негізінде бірінші кезекте жер учаскелерін белгілейміз. Ал екінші кезекте инфрақұрылымды зерттеп барып, жалға немесе жеке меншікке аукционға шығарамыз. Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар қызығушылық танытса,  аукционға қатысып, жер учаскесін алып, кәсібін жүргізуге мүмкіндік бар.

 – Жер телімін алған аза­матқа жыл­жымай­тын мүлікті салу үшін 3 жыл уақыт беріледі. Ал сол мерзімге үлгере алмаған жандардың жайы қалай болады?

– Сұрағыңыз орынды. Заңға сәйкес тұрғын үй құрылысын салу үшін 3 жыл мерзімге жалға берілген жерлерді сатуға, сыйға беруге және тағы басқа іс-әрекеттерге тиым салынған. Бұл жөнінде тұрғындарға, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Дегенмен, адам болғаннан кейін түрлі жағдай болады. Біреуінің отбасылық жағдайы, екіншісінде денсаулық мәселесі туындайды. Сондықтан осы жайттарды қала әкімдігі, жер комиссиясы тарапынан  ескерусіз қалдырып жатқан жоқ. Мәселен, бір кісілер үйдің шатырын жауып, терезесін салса ол жерді жекеменшікке шығарып береді. Ал кейбір отбасылар бар, тек қана фундамент құяды немесе үйді көтеріп, терезесін салып қояды. Мұндай жағдайларда мерзімін ұзартуға болады. Ең бастысы, жер учаскесінде құрылыс бар. Сол мүмкіндікті ескерусіз қалдырып жатқан жоқпыз. Ал 3 жылда мүлдем игермеген азаматтардан жерді алып, мемлекет қорына қайтарамыз. Себебі жер кезегінде тұрған халық саны көп. Бізге жер сұрап келіп жатқандардың көбі 2006, 2007 жылғы арыздар бойынша «жер қашан беріледі?»  деп көп сұрайды. Ал 2005 жылғы арыздар әлі аяқталған жоқ. Жыл соңына дейін  2005 жыл бойынша кезекте тұрғандарға жер беруді аяқтауға облыс және қала әкімі тарапынан тапсырма берілді. Қазір сол бағытта жұмыстар қолға алынған. Жер учаскесі бойынша табыстау туралы қабылдаған шешімді құзырлы орган қызметкерлері жіті бақылап отыр. Азаматтардың кезектен тыс алуына жол берілмейді.

– Соңғы сауал. Тегін 10 сотық жер алу үшін кезекке тұрудың жолы қандай?

– Қазақстан Республикасының кез келген азаматы бір рет жеке тұрғын үй үшін жер учаскесін алуға құқылы. Тұрғындар арасында «Біреуден жер сатып алсам немесе маған мұрагерлікке қалса жер кезегіне тұра аламын ба?» деген сұрақтар кездеседі. Мұндай жағдайда да мүмкіндік бар. Сыйға тарту немесе мұрагерлікке қалған жер есептелмейді.

Қазіргі таңда кез келген азамат Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметінің egov.kz порталы арқылы тұрғын үйдің жер кезегіне қоя алады. Жеке тұлға өзінің жер кезектілігіне қойылғаны немесе оның жылжығаны туралы мәліметті бірыңғай Мемлекеттік Жылжымайтын мүлік кадастры map.gov4c.kz/egkn сайты арқылы біле алады. Осы арқылы Қызылорда облысына немесе басқа да аймақтарға жер кезегіне тұруға толық мүмкіндік бар. Қала әкіміне келіп, өтініш жасамай-ақ, электронды түрде кезекке тұруға мүмкіндік жасалған.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!