Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында бірқатар көрсеткіштер бойынша оң тенденция анық байқалады. Теңізді өлкеде инвестиция тарту, индустрияландыру жұмыстары жүйелі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев хабарлап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

Инвестицияның көлемі артты

Аудандағы ахуалды бағамдау үшін статистикаға көз салатынымыз белгілі. Бұл орайда жыл басынан бері ауданға 4,1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім 16,4 пайызды құрады. Оның ішінде 1,5 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, қалған 2,6 млрд теңгесі Арал қаласына тиесілі. Ал ауданның осы жылғы бюджеті 15,2 млрд теңгемен бекітіліп, өткен жылмен салыстырғанда 105,3 пайызға артқан.

Аралда өндірілетін өнімдерге сұраныстың жоғары екені белгілі. Жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 9,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 17,4%-ға жетті. Атап айтсақ, 148,1 мың тонна тұз, 49,4 мың текше метр табиғи құм қазылып, 84,8 мың тонна йодталған тұз, 1494 тонна балық және балық өнімдері өндірілген.

– Жалпы аудан көлемінде 2024-2028 жылдар аралығында Бірыңғай индустрияландыру картасы, Жалпыұлттық жобалар пулы және өңдеу өнеркәсібі жобаларының пулында іске асырылуы жоспарланған құны 174,8 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба бар.

Биыл Өңірлік үйлестіру кеңесіне инвестициялық жобалар тізіміне қосымша 3,4 млрд теңге болатын 3 жоба ұсынылды, – деді Аманжол Оңғарбаев.

Бұл 3 жоба биыл іске қосылмақ. Олар – «CamelPro» шаруа қожалығының заманауи су сақтау технологияларын пайдалана отырып жоғары калориялық жоңышқа өсіру жобасы, «Арал Проф Н» ЖШС-ның темірден дайын өнімдерді өндіру жобасы және «Аманжолов Жұбаныш» дара кәсіпкерлігінің ылғал майлықтар өндіру цехы.

Сонымен қатар Арал қаласының солтүстік-шығыс бетінде орналасқан индустриялық аймақтағы жер телімдері толықтай игеріліп, қосымша 10 гектар жер табысталды. Оның жалпы көлемі 16 гектарды құрайды.

Кәсіпкерлік саласы бойынша да көрсеткіш оң. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5204 бірлікті құрайды, оның 95,7%-ы тұрақты жұмыс жасап тұр.

– Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау нәтижесінде ауданда несиелендіру бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 954,3 млн теңгенің 35 жобасы несиелендірілді.

Туризм саласына инвестиция тарту бағытында ауданда құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 3 мейрамхана, 1 қонақ үй және «Арал» қонақ үйі жанынан бассейн, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жол бойы қызметі мен Метангаз құю бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Төрт түлік саны 30 мыңға өсті

2021 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың Жол картасы» қабылданды. Жол картасы мал, егін, балық шаруашылығы бағытында іске асырылуда.

Бекітілген Жол картасы аясында 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінде 24 жоба іске қосылып, 99 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылды.

Атап өту керек, биыл Жол картасына өзгерістер енгізіліп, қосымша 12 жоба қосылды.

Мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Ауданда кейінгі үш жылда төрт түлік мал 30 мыңнан астам басқа өскен.

Сексеуіл кенті «көгілдір отынға» қосылады

Қазір ауданда Арал қаласы мен Жақсықылыш кентінің тұрғындары табиғи газдың игілігін көруде. Биыл Сексеуіл кенті көгілдір отынға қосылмақ. Құны 3,5 млрд теңгені құрайтын жоба жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Бұған қоса алдағы уақытта Шижаға елдімекенін де табиғи газбен қамту жоспарланған.

Құрылыс жұмыстарына тоқталсақ, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Арал қаласындағы №4, №5 және №6 шағын аудандарда газ желілерінің құрылыстары, №1 шағын ауданында электр желісінің құрылысы жүргізілуде.

Алдағы уақытта «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Аманөткелде 150 орындық ауылдық клуб, Шижағада заманауи спорт кешенінің құрылысы жүріп, Шижаға елді мекені мен Арал қаласында 0,4 және 10кВа әуе желілері жүргізілетін болады.

Сондай-ақ биылғы басты жаңалықтың бірі – Арал қаласында кәріз желісінің құрылысы жүргізілмек.

Өткен жылғы дәстүрмен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер сатып алу жұмыстарына 228,8 млн теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар қаладағы көпқабатты 6 тұрғын үй жөндеуден өтеді.

Айта кететін тағы бір жағымды жаңалық аудандық бюджет есебінен Қамыстыбас және Қосжар елдімекендерінде әкімдік ғимараты салынуда. Жақын арада пайдалануға берілмек.

Ауыз су мәселесі шешілуде

Елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасуда. Аудан әкімі Ақбасты елді мекенін ауыз сумен қамту жобасы пайдалануға берілетінін, сонымен қатар Тоқабай, Абай елдімекендерін сумен қамтамасыз ету жобасы жалғасатынын атап өтті.

– Халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактордың бірден бір бөлігі сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

Инфрақұрылымды дамытудың 2021 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, биыл аудандық маңызы бар «Самара – Шымкент – Шөміш – Аралқұм» автожолының құрылысы және «Жаңақұрылыс- Бекарыстан би» автожолдарын орташа жөндеу жұмыстары басталатын болса, өткен жылы басталған «Самара- Шымкент- Бекбауыл», «Аққұлақ елдімекеніне кіре беріс», «Қызылжар- Шөмішкөл », «Самара- Шымкент- Қамыстыбас- Аманөткел- Жаңақұрылыс» автожолдарының құрылысы, «Қаратерең- Жаңақұрылыс», «Қызылжар елді мекеніне кіреберіс» автожолдарын орташа жөндеу жұмыстары жалғасын табуда. Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді ел игілігіне беру көзделуде.

Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі » бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын Жақсықылыш кентіндегі 12 көшенің автожолына құрылыс жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі.

Көпір іске қосылмақ

Сондай-ақ аудан халқы көптен күткен Арал қаласындағы темір жолдың үстінен өтетін көпір құрылысы биыл толықтай аяқталады.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданда 4 бірдей 300 орындық білім ордасы бой көтеретін болса, оның ішінде, Арал қаласындағы «Арай» ықшам ауданынан және Сексеуіл кентінен салынып жатқан білім ордалары биылғы оқу жылында пайдалануға берілмек.

Ақшатау мектебінің құрылысы жүргізілуде

Ауданда жыл басынан бері 2 жеке балабақша пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 1 балабақшаны балалар игілігіне табыстау көзделуде.

– Ел Президентінің 2025 жылға дейін 3 ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептерді жою жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Арал ауданында 2023-2025 жылдар аралығында 10 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Ең алдымен, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілген Сапақ, Жалаңаш елді мекендеріндегі 2 мектептің мәселесін шешу жұмыстары жүруде. Жақын күндері Ақшатау мектебінің құрылысы жеке кәсіпкер есебінен шешімін тауып, іргетасы қаланды, – деді аудан әкімі.

Осыған дейін мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуді Қазалы, Қызылорда қалаларына барып тапсырды. Биыл бұл мәселе оң шешімін тауып, аралдық талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді аудан орталығында тапсыратын болады. ҰБТ пункті болып Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп- гимназиясы таңдалды.

Сексеуілде аурухана ашылады

Денсаулық сақтау саласы бойынша ел күткен жаңалықтар бар. Атап айтсақ, биыл Сексеуіл кентіндегі 40 орындық аурухана пайдалануға беріліп, Тоқабай елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салынбақ. Оған қоса, аудандық аурухананың жанынан жапсаржай және Арал қаласының Шанхай мөлтек ауданынан аусымына 250 адамды қабылдай алатын емхана құрылысы басталмақ.

– Аудандық аурухана негізінде 54 төсектік «Кардиология » және «Инсульттық » бөлімшелері ашылып, жұмыс істеуде. Бұған қоса, биыл аурухананы МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтау жоспарлануда.

Сондай-ақ «А.Байтұрсынов» ауылдық емханасының бос тұрған Б блогын 2 және 17 жас аралығындағы мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерге арналған «Қамқорлық» ерте оңалту орталығын ашу үшін реконструкция жасауға қаржы қаралып, жұмыс басталуда. Орталық ашылған уақытта «Қазақстан халқына» қорынан 1,2 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтармен қамтылатын болады, – деді А.Оңғарбаев.

Айта кету керек, ауданда «Руханият» орталығы да бой көтермек.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!