Кеңқолтық апайды өзім өз, көйлегім бөз болғалы танимын. Ол кезде әлем бойынша я тоңбайтын, я тоймайтын бай халық – студент кезім. Апай қызмет атқаратын мекемеге жолдамамен практикант боп барғанмын. Төртінші курс. Өйтіп-бүйтіп оқуды бітіретін жылым. Үш ай практикаға апайдың қарамағына топ ете түстім. Ол кезде бетіндегі әжімі білінбейтін, сөйлегенде сүрінбейтін, жігіт көрсе күлімдейтін жастау шағы. Шашты соңғы сәнмен сәндеген, бетті әдемі әрлеген, етегі жер иіскейтін юбкасы бар апайыммен о баста жақсы боп кеттім. Мекемеде жетекші маман боп қызмет атқарады екен. Жұмысқа берілгені сондай, білмегеніңді сұрай қойсаң, басың бәлеге қалды дей бер. Бір сағат ежіктеп, миыңның клеткасына дейін сіңіріп, шақша басың шым-шым етіп, ауыра бастаған кезде соңғы сөйлемнің соңына жуан нүктесін қояды-ау, әйтеуір. Сыртынан мақтағаным емес, бізді кәдімгідей үш айда дайын маман етіп шығарды. Содан «айырылар көжемізді» бірге ішісіп, қимай қоштастық.

Арада алты ай өтті. Институт бітіріп, жұмысқа орналастым. Бірде жолшыбай апайымның жағдайын білгім келіп, мекемесіне соқтым. Апайыма сәл өзгеріс еніпті. Бастысы – бір басының екеу болуы. Сосын қызметінің бір сатыға көтерілуі. Жетекшіліктен бас маманға жоғарылапты. Бұрынғыдай емес, сөзін шығын еткісі келмей ме қалай? Жер иіскейтін етегі тобықты жасыруға шамасы жетпей қалыпты. Жұмыр тобығын сонда көрдім. «Қызметіне сәйкес етегі де көтерілген екен» деп өзімше топшылаған болдым. Бірақ мені жылы қабылдады. Кофе дайындап, әлек болды. Әңгімеміз жарасып-ақ кетті. Әңгіме арасында бір орынның бос тұрғанын, соған менің келуімді қалады. «Бірге істесеміз» дегені құлағыма майдай жағып барады. Бірақ амал нешік, мың доллар беріп, орналасқан жұмысымды қалай тастап кетпекпін? Шаша алмай жүрген ақшам жоқ. «Сіз бастық болғанда орынбасарыңыз болып келемін», – деп әрең құтылдым.

Өмір бір орында тұрған ба? Зуылдаған уақыт араға екі жылды да салып жіберді. Жұмысбастылық жан-жаққа қарауға да шама келтірмейтіні рас екен. Бірде жарты жылдық есептен құтылып, арқаны кеңге салып отырып, Кеңқолтық апайым еске түспесі бар ма? Арнайы уақыт бөліп, кешке жұмыс аяғында соқтым.

Алғашында апайымды танымай қалдым. Қою қара шашы найзағай түскендей ала-құла. Көзінде шашымен түстес көзілдірік. Көйлегінің үстіңгі көкірегін әрең жапса, астыңғы жағы тізесін жылт-жылт еткізіп, «көрсетейін бе, көрсетпейін бе?» дегендей, қызғандырып, жартылай жауыпты. Тобықтан жоғары жуан сан бұлт-бұлт етіп, ойнақшып тұр. Оған кім қызығып қарап жүргенін өзі білсін? Мен тек баяғы, өзгеріс іздеп, сыни көзбен ұрлана көз тастап жүрген. Өзгерісі – осы. Ең бастысы – бастықтың орынбасары болыпты. Сыртқы өзгерістің себебін енді ұққандай болдым. Алғашқы кездегі жер иіскейтін көйлектің кімнің кәдесіне жарап кеткені беймәлім. Ал, қазіргі киген киісі онша-мұнша жараспаса да, орынбасарлыққа дөп келіп тұр. Бұл жолы кофе бере қойған жоқ. Маған он минутын қиды да, қызметтік көлігімен артына газын шығара орташа жылдамдықпен зу етіп, көзден ғайып болды.

О, шіркін! Қызмет деген сол. Мен де қара жаяу болған жоқпын. Бас маманға көтеріліп, біраз желпінген шағым. Апайды көрмегеніме бір жылдай уақыт болса керек, бірде кәдімгідей сағынайын. Алыс-берісіміз болмаса да, алғашқы сабақтарынан кейін біртүрлі ыстық көрінеді екен. Тағы да сылтаумен мекемесіне бас сұқтым. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, дәл сол күні апайыма бұйрық шығып, мекеме басшысы болып, қуанышы қойнына сыймай отырған тұсы екен. Мені көріп қуанып қалды. Қолды бір сілтегеннен бәрі жүзеге асып жатыр. Рахат! Апайымнан бұрынғыдай өзгеріс көрмедім. Мүмкін қуанып отырғасын ба? Осы сәтті пайдаланып, мен де:

– Апай, «сіз бастық болғанда, орынбасар болып келемін» деген уәдем бар еді, – дедім сыни көзбен. Апайым рахаттанып күліп:

– Мен орынбасарларымды дайындап қойғанмын. Сол уақытта келген кезде дайын орынбасарым болар едің, – деді. – Айтпақшы, бас маманға орын бар. Ойланып көр!

«Өзім де бас маманмын» деп, айтқым келіп тұрып, сөзімді жұтып жібердім. Шынын айтқанда, сөзімді шығындағым келмеді. Тез кеткім келіп қоштастым. Обалына не керек, апайым менімен бастықтарша қоштасып, құрмет білдіріп, есікке дейін шығарып салды. Мәссаған! Өзгерісті енді байқадым. Апайымның көйлегінің етегі тізеден көтеріліп кетіпті. Қос тізесі шодырайып, мен мұндалайды. Кәдімгі сиырдың тізесіндей. Қош айтысып, кете бардым. Бірдеңе дегім келіп тұрды да, тілімді тістей қойдым. Су жаңа бастықтың көңілін қимадым.

Бұл не болды? О бастағы жер иіскеген көйлектің етегі қазір дәрежесі өскен сайын көтеріліп барады! Қазір тізеден жоғары. Ертең облыстағы мекемеге бастық болса, қалай болады? Одан кейін облыстық әкімшілікке барса ше? Әйтеуір, жалаңбұт түрін көрмесем екен…

«Кеңқолтық апай, алғашқы бейнеңді көргім келеді. Өзіңіз де, сөзіңіз де жарасқан сымбатты бейнеңіз. Бастық болғанға етектен қиып тастай беретіндей көйлектің не кінәсі бар еді? Ұятқа қалмай тұрғанда етегіңізді түсіріңізші, апай!».

Ішімде кеткен сөз осы еді. Әттең, айтыл­май ­қалды-ау…

К.МАСИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!