23 маусым – Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі. Бұл күн – ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіптің күзетінде жүрген тәртіп сақшыларына құрмет көрсетіп, олардың тынымсыз еңбегін елеп, еске алатын сәт.

Құқықтық тәртіпті сақтау, адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғаудың үлкен жауапкершілік екенін білеміз. Осы орайда Қызылорда облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Нүркен Бақтияровпен сұхбаттастық.

− Нүркен Пралыұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Әуелі осы күннің маңызы туралы айтып беріңізші.

− Рақмет! Иә, 23 маусым елімізде полиция қызметкерлері күні ретінде атап өтіледі. Ол 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен ресми түрде бекітілген. Басты мақсаты − құқық қорғау саласында қызмет ететін азаматтардың еңбегін бағалау, олардың қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өту деп ойлаймын.

Мереке қарсаңында әріптестерімді құттықтап, дендеріне саулық, отбасына амандық, ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жатқан қызметтеріне абырой тілегім келеді. Мемлекетіміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығы жолындағы еңбектері елене берсін!

− Полиция қызметкерлерін қоғам тыныштығының тірегі дейміз. Бұл қызметтің негізгі миссиясына тоқталсаңыз.

− Иә, осы сөз мәні мен мағынасы жағынан өте орынды айтылған. Құқық қорғау органдарының қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін тура сипаттап тұрғандай. Яғни, халықтың қауіпсіз өмір сүруі, қоғамдық тәртіптің сақталуы, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу және әділдік орнау жолында тәртіп сақшыларының үлесі орасан зор екенін білдіреді.

− Бүгінде халық тарапынан құқық қорғау органдарына түрлі көзқарас қалыптасқан. Айтылатын сынға қарағанда сенімді арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

− Қоғамда құқық қорғау органдарына қатысты түрлі көзқарастың қалыптасқаны рас. Өйткені кез келген құқық бұзушылық не қылмыстық оқиға орын алған сәтте бірінші болып оқиға орнына баратын – полиция қызметкері. Заң талабына сәйкес әрекет еткен кезде, мысалы, әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты айыппұл салынса, кей азамат оны жеке қабылдап, реніш танытып жатады. Алайда тәртіпті сақтау – ортақ міндет. Әр адам өз әрекетіне жауапты болу керек. Сондықтан кейде түсініспеушілік немесе сын пікірлер туындауы мүмкін. Дегенмен бүгінде полиция қызметі жаңа, ашық форматқа көшіп келеді. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға, сенім артуға ерекше көңіл бөлінуде, тұрғындармен жиі кездесулер өтіп, мәселелері талқыланады. Мұнан бөлек «Қоғамдық қабылдау», «Жолда қабылдау», «Аулада қабылдау» секілді акциялар бар. Сонымен қатар әлеуметтік желі арқылы кері байланыс орнатып, шағым мен ұсыныстар бойынша тез шешім қабылдануда. Қоғамдық тәртіпті сақтауда, тұрғындардың полиция көмегіне жүгіну жағдайларын оңтайландыру мақсатында 102 мобильді қосымшалары арқылы хабарлама жолдауға мүмкіндік қарастырылған. Халық көп шоғырланатын орындарда 102 батырмасы арқылы бейне байланыспен хабарлама беру тетіктері де орнатылды.

− Әкімшілік полиция басқармасы нақты қандай бағыттарға жауап береді? Сонымен қатар жұмыс барысы туралы айтсаңыз. Күнделікті жұмыста қандай жағдай жиі кездеседі?

− Қызылорда облысының Полиция департаменті, әкімшілік полиция басқармасында жол-техникалық инспекция, әкімшілік практика, процессингтік орталық, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау, уақытша ұстау изоляторы және айдауыл қызметін ұйымдастыру бөліністері бар. Жол-техникалық инспекция бөлімі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында көше-жол тараптарын зерделеп, орын алған кемшіліктерді атқарушы органдармен бірлесе отырып жою бағытында жұмыс атқарады. Ал айыппұлдарды өндіру, сот құзырымен қаралатын әкімшілік істерді жинақтап сотқа жолдау, қала аумағында орналасқан сертификатталған автоматты жүйеде жұмыс атқаратын құрылғыларымен салынған айыппұл бойынша хабарлама жолдап, уақытылы төлеу бағытында әкімшілік практика бөлімі жұмыс істейді. Келесі процессингтік орталық көлік құралдарын есептен шығару, қою және жүргізуші куәліктерін беру бағытындағы мемлекеттік қызметтер көрсету жұмыстарын қашықтан атқарады. Облыс көлеміндегі жеке және заңды тұлғалардың азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының, азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданып жасалатын бұйымдардың айналымы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің өтініштері бойынша заңда белгіленген мерзімде және сапалы түрде жүргізілуін азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобы ұйымдастырады. Ал аса ауыр және ауыр қылмыс жасаған тұлғаларды сот органдары мен тергеу органдарына айдауыл қызметімен уақытша ұстау изоляторы және айдауыл қызметін ұйымдастыру тобы айналысады.

Күнделікті жұмысқа тоқталсақ, әкімшілік полиция басқармасы көбіне мемлекеттік қызмет көрсету бағытында жұмыс атқаратындықтан басқармада ақпараттық жүйелер үздіксіз жұмыс атқарып тұру қажет. Жұмыс көлемі ауқымды. Сол үшін күнделікті сағат 08.00-ге дейін қызметке сақадай сай болып, жұмыс орнымда болуым қажет.

− Ал сіздің бұл салаға келуіңізге не себеп?

− Еңбек жолыма келетін болсақ, 2009 жылы Алматы қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетін «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол уақытта Жол полиция басқармасына деректер базасымен жұмыс істейтін маман қажет деген ақпаратты естіп, жұмысқа келдім. Қызметтік формаға деген қызығушылығым өте жоғары еді. Осылайша тез арада құжаттарымды дайындап, департамент бұйрығымен жұмысқа қабылданып, қатардағы полицейден бастадым. Бүгінде 16 жыл еңбек өтілімім бар.

− Полиция болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұнан бөлек тәуекелге толы әрі уақытпен санаспайтын сала. Қызмет пен отбасылық өмірдің арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

− Қызмет пен отбасылық өмірде тепе-теңдікті сақтау адамның денсаулығына, психологиялық күйіне және қарым қатынасына тікелей әсер етеді. Ол үшін күнделікті күн тәртібін дұрыс жоспарлау қажет деп санаймын. Яғни демалыс күндері міндетті түрде отбасыма, балаларыма көңіл бөлуге тырысамын.

− Полиция қызметкері қандай қасиетке ие болу керек деп есептейсіз? Жастар арасында полиция мамандығына қызығушылық қандай?

− Полиция қызметкері – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін күндіз-түні қызмет ететін тұлға. Сондықтан бұл мамандықты таңдаған адамда жоғары кәсіби және адами қасиеттер болу қажет. Сонымен қатар әділдік, батылдық пен табандылық, сабырлық пен төзімділік, адамгершілік, жауапкершілік болу қажет деп санаймын.

Бүгінде жастар арасында полиция қызметіне деген қызығушылық бар. Бірі – елге адал қызмет етіп, әділдік орнатуға өз үлесін қосуды қаласа, енді бірі – тұрақты жұмысы мен әлеуметтік кепілдіктері бар мамандық ретінде қызығушылық танытады.

−Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!