Қазақстандық жастар шетелде жұмыс істеп, тәжірибе жинауға ұмтылады. Мақсатыңа жетуге мүмкіндік беретін бағдарламаның бірі – «Work and Travel». Бұл жоба арқылы әлемді танып, шет тілін жетілдіруге, түрлі мәдениетпен танысуға болады. Осы орайда АҚШ-қа аттанған Зере Сламбекпен сұхбаттастық. Ол – Тараз қаласының тумасы, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің сән дизайны мамандығы бойынша бітіруші түлегі.

– Зере, шетелде оқып, жұмыс істеу бала күнгі арманыңыз ба? Бұл шешімге не себеп болды?

– Бала кезімде америкалық сериал мен фильм көруге әуестігім жоғары еді. Тіпті 11 сыныптан кейін Америкада оқығым келді. Бірақ сәті түспеді. Сол орындалмаған арманымды «Work and Travel» бағдарламасы арқылы жүзеге асырдым десем болады. 2-3 жыл бұрын да қатысуға ниеттенген едім, алайда басқа жобаларға қызығып, кейінге шегеріп жүрдім. Биыл сол арманымды іске асыруға мүмкіндік туды.

– Іріктеу қалай өтті? Қойылатын талаптар қандай?

– Бағдарламаға күндізгі бөлімде оқитын және ағылшын тілін меңгерген студенттер қатыса алады. Виза алу кезінде басты талап – өз еліңе қайтатыныңа сенімді дәлел келтіру. Мысалы, маған виза сұхбатында екі-ақ сұрақ қойылды: «Осы жаздағы жоспарыңыз қандай?» және «Қайда оқисыз?». Ең бастысы – сенімді, шынайы жауап беру. Жалпы, виза рәсімдеу қиын болмады. Бағдарламаға қатысуға барлығы шамамен 2,5 миллион теңге кетті. Бұл сомаға ұшақ билеттері мен АҚШ-қа алып кеткен қаражатым кірді.

– Қазіргі жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Мен Америка Құрама Штаттарының Солтүстік Дакота штатындағы Медора қаласында жұмыс істеймін. Бұл – маусымдық туристік қала. «Buffalo Gap Store» дүкенінде «Retail Sales Attendant» ретінде жұмыс істеймін. Қызметіме тұтынушыларға көмектесу, кассада қызмет көрсету, тауарларды орналастыру, сұрақтарға жауап беру кіреді.

Зере СЛАМБЕК: Әлем төрт қабырға емес

– Америкаға алғаш табан тірегендегі сезіміңізбен бөліссеңіз. Ал тұрғындармен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Шынымды айтсам, мәдени шок болған жоқ. Себебі алдын ала көп ақпаратпен таныстым. Қайда барамын, қандай орта күтіп тұр – бәрін зерделеуге тырыстым.

Жергілікті халық өте ашық, сыпайы. Тай, америкалық,колумбиялық әріптестеріммен тез тіл табыстым. Бұл – нағыз америкалық орта. Ағылшын тілін күнделікті қолдануға машықтанасың. Сондықтан жаңа жұмыс мен үшін үлкен мүмкіндікке айналды. Алғашқы күндері «Шетелдіктердің тілін түсінбей қаламын ба?» деген үрей болды. Себебі өзге тілді күнделікті қолданбасаң, ұмыта бастайды екенсің. Дегенмен Enactus жобасындағы тәжірибем көп септігін тигізді. Сондықтан бұл дағдым тез қалпына келді.

– Жалақы мөлшері қандай?

– Сағатына 15 доллар аламын. Аптасына 40 сағатқа дейін жұмыс істеуге болады. Уақытың арнайы бағдарлама арқылы тіркеледі. Жүйесі өте нақты, ал бұл маған ұнады.

– Сапарыңыздан қандай ой түйдіңіз?

– Біріншіден, көзқарасымды кеңейттім. Әлемнің төрт қабырға емес, шексіз көкжиек екенін нақты түсінгендеймін. Түрлі ұлт өкілдерімен жұмыс істеу, жаңа мәдениетпен танысу – керемет тәжірибе. Тіл жетіліп, сенімділік артады. Мен үшін бұл тек қаржылық емес, рухани инвестиция. Сондықтан осындай мүмкіндік туса, батыл қадам жасап, қорықпай көруге кеңес беремін.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Америкадағы сату мәдениеті, тұтынушы психологиясы өте қызық. Бұл тәжірибе мені одан сайын ынталандырды. Болашақта өз мамандығым бойынша дизайнер ретінде дамып, әлемдік деңгейге жеткім келеді.

– Америка мен Қазақстан туралы не айта аласыз?

– Өз еліме, Қазақстаныма жететін ел жоқ. Мәдениетіміз, тіліміз, тіпті тағамдарымыздың өзі баға жетпес байлық қой, шіркін. Америка – түрлі ұлттың жиынтығы, сол үшін де ортақ мәдениеті жоқ. Иә, ол жақтан үйренер дүние көп. Бірақ өз еліңнің қадірін шетте жүргенде түсінеді екенсің.

– Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!