Метродағы қарапайым сәт. Фотограф бірін бірі толықтырған жарасымды жұпты нысанаға алып, кадрды ғаламторға жүктеді. Санаулы сағаттардан кейін сан мыңдаған адам әлгі жұпқа сүйсінді. Яғни суреттің сапасына емес, арғы жағындағы қос ғашыққа тамсанды. 55 жыл отасқан Раушанбек ақсақал мен Меруерт апайдың кадрдағы керемет көрінісі желіде «хитке» айналды.  Желідегі жұлдызды жұптың селкеусіз сезімі мен кіршіксіз махаббаты бізді де бей жай қалдырмады.  

Раушанбек ақсақал мен Меруерт апайдың танымал болған суреттерін фотограф Асқар Бумага түсірген. Көпшілігі ойлағандай Метродағы фотосессия алдын ала жоспарланбаған.  

«Сол күні Меруерт екеуміз қонаққа бара жатқан едік, содан бұл кісі метроны бір-ақ рет көргенін айтып, бірге аралауды ұсынды. Солай метроның ішін аралап, орындықта демалып отырғанымызда жанымызға бір жігіт пен қыз келді. Өздері де сол кезде біз сияқты қарт адамдарды іздеп жүрді-ау. Содан біздің жасымызды, фотоға түсіруге рұқсат сұрады. Осылайша күтпеген жерден «жұлдыз» болып кеттік», – дейді Раушанбек Бұрамбайұлы.

Қос ғашық Қызылорда қаласында танысыпты. Албыраған ақша бет, торғындай үлбіреген Меруерт 4 курсты жаңа бітірген Раушанбекті өзіне ғашық қылады. Дегенмен Раушанбектің сабағы махаббат хикаясына біршама кедергісін келтіреді. Оқуды аяқтағанға дейін бірі Киевте, енді бірі Қызылордада телефон арқылы тілдесіп, хат-хабар алмасып, байланыстарын үзбеген. Ауылға келгеннен кейін жігіт Раушанбек бірден сүйіктісіне ұсыныс жасайды. Біраз уақыттан кейін жаңа түскен келін күйеуін қайтадан Киевке аспирантураға аттандырып, өзі қайын жұртымен бірге ауылда қалады.

«Отбасылық өмірде қиыншылықтар болды. Оқуын аяқтаған соң, бірден ауылға барып мектепте мұғалім болдым. Рекең бакалаврды аяқтаған соң, Киев университеті аспирантурада оқуды ұсынған. Аспирантураға шақырту алғанда менімен келіп ақылдасты. «Саған ауылда қиын болатын сияқты, жібермесең бармаймын» деді. Алматыға жұмысқа барса дайын тұрған пәтеріміз жоқ, айлығы да аз. Сосын ойлана келе: «Сен оқуыңды жалғастыра бер, мен қанша қиын болса да шыдаймын» дедім. Ауылдағы үйде бұл кісінің әке-шешесі, төрт бауыры болды. Олардың барлығы мектепте оқиды. Қайын енем баламен үйде, қайын атамыз зейнеткер, алатын ақшасы небәрі 20 cом ғана. Үйді асырау менің мойныма жүктелді. Екі ставкада жұмыс істедім, айлығымды енемнің қолына тиынына дейін санап әкеліп беремін. Бір жарым жылдан кейін Рекең ауылға демалысқа келгенде, мені ертіп Киевті, Харьковті, Мәскеуді көрсетті. Бұл сапар аспирантураға түсуге себепкер болып, жолдасымның жанына жақындатты.», – деді Меруерт Асқарқызы.

Отау құрғанына жарты ғасырдан асқан жұптың бір-бірін атын атамайды екен. Меруерт апай күйеуін «Реке» десе, Раушабек ақсақал жұбайын «хозяйкам» деп атайды екен.

«Біз Меруерт екеуміз тату болдық. Сосын әр уақытта бір-бірімізді қабағымыздан түсінеміз, мені қандай жағдай болсын қолдап жүрді. Кейбір жерде ауырлықты өзіне алған сәттер де болды. Меруерт аспирантура оқып жүргенде барлық ауырлықты мен мойныма алып, диссертациясын қорғауға көмектестім, барынша қолдау білдірдім. Күні бүгінге дейін біз бір-бірімізге қолдау білдіруден тайған емеспіз. Қажет кезінде тоқтауымызды айтып отырамыз. Қуанышты да, қайғыны да бірге бөлістік. Ауылда оған үлкен кісілермен, қайындарымен менсіз бірге тұру қиын болды. Бірақ мен үшін бәріне шыдап, бәріне көнді. Менің университет бітіруім де, аспирантурамды оқып, докторлық деңгейге жетуімде жарымның арқасы. Егер, Меруерт жағдайымды жасап, қолдау білдірмегенде мұндай жетістікке жетуіме екіталай еді. Кез келген лауазымды қызметте де маған тірек, ақылшы болды. Бірақ еш уақытта менің жұмысыма белсене араласпайтын, мен де мұның кәсіби қызметіне араласпадым. Меруерт он шақты ғылыми кітап жазды. Ол уақытта мен өз тарапымнан бар қолдауымды білдіріп отырдым», – деді Раушанбек ақсақал.

Отау құрғанына 55 жыл болған жұбайлардың екі ұл, бір қыздан жеті немере, екі шөбересі бар. Раушанбек Бұрамбайұлы – философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүшесі. Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі. Меруерт Асқарқызы – физика-математика ғылымдарының докторы, 10-нан аса кітаптың авторы. Бүгінде 82 жасқа келген Раушанбек Бұрамбайұлы Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетте жас ғалымдарға кеңес берумен айналысады. Ал, 75 жасқа келген Меруерт Асқарқызы зейнетке шығып, немерелерімен уақыт өткізуді таңдаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!