Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жатақхана орындарын бөлу қағидалары туралы бұйрығы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Студенттерге жатақханадан орын беру жұмыстарын оқу орнының конкурстық комиссиясы жүзеге асырады. Бос орындардың бар немесе жоқты туралы ақпарат білім ордасының ресми сайтында ай сайын жарияланып отырады.
Жатақханадан орын алу туралы өтініштер оқу орнының өзінде немесе www.egov.kz веб-порталы арқылы қабылданады. Құжат білім ордасының кеңсе бөліміне түскен сәтте тіркеуге алынып, бір жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның қарауына жіберіледі. Кейін комиссия өтініш негізінде жатақханадағы орындарды бөледі.
Студент оқу орны арқылы өтініш берсе, онда ол талап етілетін құжаттарды толық тапсырғанын растайтын қағаз күйіндегі анықтама алуы тиіс. Ал бұл қызметке электрондық портал арқылы тапсырыс берген студенттің «жеке кабинетінде» өтініштің мәртебесі көрсетіледі. Құжаттар толық емес немесе қолдану мерзімі өтіп кеткен жағдайда оқу орны ол өтінішті қабылдамайды және бұл туралы студентке алдын ала ескертеді.
Конкурстық комиссия жатақхана орындарын белігленген тәртіппен мына санаттағы азаматтарға басымдық бере отырып бөледі:
1. мүгедектер, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек адамдар;
2. кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар санатындағылар, жеңілдіктері бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түскен ауыл жастары, сондай-ақ қандастар;
3. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін – 2050») жобасы аясында білім алып жатқан студенттер;
4. бірінші курста оқитын «Алтын белгі» иегерлері, Президенттік, халықаралық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы немесе жүлдегері атанғанын растайтын сертификаты бар студенттер, сондай-ақ оқуды үздік тәмамдаған растайтын құжаты (куәлік, аттестат, диплом) бар талапкерлер;
5. ҰБТ немесе кешенді тестілеу, оқу пәндері бойынша түсу емтихандарының немесе білім беру ұйымы өткізген тестілеу нысанындағы емтихандардың нәтижесіне сай жоғары бал жинаған мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес бірінші курсқа қабылданған студенттер.
Орын бөлу кезінде студенттердің ҰБТ, кешенді тестілеу немесе өзге де түсу емтихандарының қорытындысына сәйкес балдары тең болса, онда білім алушының материалдық жағдайы ескеріледі.
Конкурстық комиссия жатақхана орындардын кезең-кезеңімен бөледі. Атап айтқанда, оқу жылының соңында, яғни маусым айында бірінші курстан басқа курстардың студенттерінен өтініш қабылдайды. Ал оқу жылының басында (тамыз) бірінші курсқа түскен студенттерге орын бөледі. Сонымен қатар, жыл ішінде жатақханада тұратын білім алушылар контингентінің өзгерісіне сәйкес қоныстандыру жүргізіледі.
Аталған шараларды қамтитын тиісті бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!