Спорт – күш-жігердің, еңбектің символы. Алайда кейінгі онжылдықта допинг даулары бұл құндылықтарға үлкен көлеңке түсірді. Кәсіби спортшылардың кейбірі жеңіс үшін денсаулығын ғана емес, абыройын да құрбан етуге дайын екенін көрсетті. Спорт тарихындағы ең шулы төрт оқиға осы мәселенің ауқымын айқын дәлелдейді

Бен Джонсон: Бір сәттік даңқтың құны

1988 жылы Сеул Олимпиадасында канадалық желаяқ Бен Джонсон 100 метрге жүгіруден әлем рекордын орнатты. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Қан сараптамасы оның станозолол атты тыйым салынған препарат қолданғанын көрсетті. Нәтижесінде алтын медалінен айрылып, мансабы күрт аяқталды. Бұл оқиға спорттағы допинг мәселесін әлемдік деңгейде алғаш рет кеңінен талқылауға түрткі болды.

Жетістік үшін құрбандық

Лэнс Армстронг: Аңыздың құлдырауы

1999 жылдан 2005 жылға дейін «Тур де Франс» көпкүндік веложарысының жеті дүркін чемпионы атанған Лэнс Армстронг ұзақ уақыт бойы допинг қолданды деген айыптауларды жоққа шығарып келді. Алайда 2012 жылы ресми тергеу нәтижелері оның ЭПО мен қан құю әдістерін жүйелі пайдаланғанын дәлелдеді. Армстронг барлық атағынан айырылды және өмір бойына жарыстардан шеттетілді. Бұл оқиға спорттың коммерциялануы мен бедел үшін жасалатын айлалардың бетін ашты.

Жетістік үшін құрбандық

Марион Джонс: Бес медальдың өтеуі

2000 жылғы Сидней Олим пиадасының жұлдызы Марион Джонс бес медаль жеңіп алып, бүкіл әлемнің сүйіспеншілігіне бөленген еді. Бірақ жеті жылдан кейін ол допинг қолданғанын мойындап, медальдарын қайтаруға мәжбүр болды. Джонс түрме жазасына кесіліп, қоғам алдындағы беделінің түбегейлі күйреуі допингтің моральдық зар-дабын нақты көрсетті.

Жетістік үшін құрбандық

Кениялық желаяқтар: Африканың марафон даңқына дақ түсуі

Кениялық спортшылар әлемнің ең мықты марафоншылары ретінде танымал. Алайда кейінгі жылдары допинг даулары Африканың да таза спорттағы абыройына сызат түсірді. Әсіресе 2017 жылы Олимпиада чемпионы Джемима Самгонгтің ЭПО қолданғаны анықталып, төрт жылға шеттетілгені бүкіл әлемді таңғалдырды. Бұл оқиға жеңіл атлетикада таза спортты сақтау қаншалықты қиын екенін көрсетті.

Жеңісті қолдан жасаудың құны тым қымбат. Мұндай әрекет спортшының мансабымен бірге, тұтас спорт саласына, жанкүйерлер сенімі мен ұлт абыройына қайтарылмас зиян әкеледі. Бүгінде халықаралық ұйымдар допингпен күресті жүйелі түрде күшейтуде. Алайда нағыз жеңіс айламен емес, маңдай тер мен адал еңбектің арқасында келетінін әр спортшы санасына сіңіру қажет. Тек осы ұстаным ғана спортты өзінің ең асыл мұраттарына қайта жақындата алады.

Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!