Айжан – тек республикалық ғана емес, халықаралық ғылыми жобаларда топ жарып жүрген жастың бірі. Президент шәкіртақысының иегері атану екінің біріне бұйыра бермейді. Себебі аталған шәкіртақы тек үздік студенттерге ғана беріледі. Айжанның оқуда озат, білімде үздік, ал қоғамдық шараларда жан-жақты болып, бәріне бірдей үлгеруі бізді таңқалдырды. Мұндай жетістікке жету үшін қалай еңбектену керегін білімді жастың өзінен сұрап білдік.

‒ Әр күні барлық адамға бірдей мүмкіндік пен уақыт беріледі. Сол уақыт пен мүмкіндікті тиімді пайдалану  әр адамның өз қолында. Университет табалдырығын аттағанда оқытушылар оң бағыт беріп, білім мен ғылымға  деген қызығушылығымды арттырды. Үздік студенттермен таныстыру жұмысынан кейін “Үздік студент атанамын. Президент шәкіртақсының иегері боламын” деген мақсат пайда болды. Сол сәттен бастап, сабақтан қолым босаған кезде мақалалар, зерттеу жұмыстарын жазып, жарыстарға қатысып жүрдім. Бұл тұста ғылыми жетекшім, кураторым, анамдай қамқор, әпкемдей ақылшы, құрбымдай сырлас болып кеткен Гүлжазира Төребекқызының еңбегі зор. Университет қабырғасындағы қоғамдық жұмыстарға араласып, белсенді студенттер қатарына қосылдым.

Өткен жылы 1-курс студенттеріне университет оқытушылары мені «Біздің мақтанышымыз. Осы жылы Үздік студент атанып, Президент шәкіртақысының иегері болды» деп таныстырғанда, кеудемді қуаныш кернеп, көзіме еріксіз жас келді, – дейді Айжан.

Үлкен мақсаттарға қол жеткізуді көздеген Айжан қазір «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша білім алуда. Сөз арасында бізге саланың басты бағыттары мен соңғы жаңалықтарын да айтып берді.

‒ Тамақ өндірісінің маңызды бөліктерінің бірі ‒ бұл сапа. Бұл аспект үшін жауаптылық тамақ өнеркәсібінің технологтарына жүктеледі.

Бүгінгі таңда өндірушілер шикізаттың қабылдануынан бастап дайын өнімді буып-түю сәтіне дейін сапаны бақылауды жүзеге асырып қана қоймай, әртүрлі салаларда және өнімді құрудың әртүрлі кезеңдерінде тиімді технологияларды дамытып, сәтті қолдана алатын білікті тамақ өнеркәсібінің технологтарына қызығушылық танытады.

Сапалы тамақ – тұрғындар денсаулығының кепілі. Сондықтан тамақ өнеркәсібі технологы мамандығы әрдайым сұранысқа ие болады және оның мәні қазіргі жағдайда өсіп келеді.

Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламасының мақсаты еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына сәйкес инновациялық өнімдерге бағытталған, бәсекеге қабілетті мамандардың кәсіби өсуіне және тұлғалық дамуына негіз ретінде сапалы даярлау болып табылады. Азық-түлік өнімдерінің технологы ‒ бұл шикізатты алғаннан бастап дайын өнімді буып-түйгенге дейінгі барлық сатыда өндірілетін тамақ өнімдерінің сапасына жауап беретін маман, – дейді үздік білім алушы.

Бір қызығы, Айжан қоғамдық шаралардан бөлек бос уақытында тоғызқұмалақ ойнап, эссе жазады екен. Осы орайда газет оқырмандарына да мотивация болсын деген ниетпен Айжаннан жетістіктерге жетуге көмектесетін бірнеше лайфках айтуын өтіндік.

‒ Бала кезімнен жаңа нәрселермен айналысуға қызығамын. Жоғарыда аталғандардан бөлек үстел теннисін, шахмат ойнағанды, коньки тепкенді, таза ауада жалғыз жаю жүруді ұнатамын. Сонымен қатар визажистік, кондитерлік қырларым бар. Тоғызқұмалақ пен үстел теннисін ойнауды университет қабырғасында жүріп үйрендім. 

Біріншіден, уақыт бізге берілген ең үлкен сый. Сондықтан жастар әрбір минутын тиімді пайдаланса екен деймін. Әр күн ‒ жаңа өмірдің бастамасы. Әр күн жаңа оқиға, жаңа сынақ, жаңа адам, жаңа мүмкіндік, жаңа мақсат, жаңа ой, жаңа көзқарас. Әрбір адам әр күнін дұрыс жоспарлай білсе екен.

Екіншіден, қолымнан келмейді, білмеймін, мүмкін емес деген жай бос сөз. Біз дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Қандай іспен айналысамын десек те мүмкіндік өте көп. Тек іздену керек.

Үшінші ұстаным,  “Бүгін істейтін істі ертеңге қалдырма. Ертең не боларын білмейсің. Еріншек болма” деп анам ылғи айтып отырады. Қазіргі жастардың басты қателігі де осында. Берілген тапсырманы, жұмысты “әлі уақыт бар ғой” деп ысыра салады. Сосын уақыт тығыз болып, үлгермей қалғанда, түрлі сылтау айтады. Сондықтан берілген жұмысты, сол мезетте орындап тастауға дағдылану керек, – дейді зияткер жас.

 

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!