Алматыдағы мектептердің бірінің бастауыш сынып оқушылары қызылшаның өршуіне байланысты бір айға жуық қашықтан оқуға жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
№172 мектепте бастауыш сынып оқушылары арасында қызылша анықталған.
20 қыркүйекте мектепте Алматы қаласы Медеу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының мамандарының комиссиясы өткізілді. Қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған бастауыш сынып оқушыларын 16 қазанға дейін қашықтан оқыту режиміне қою ұсынылды.
«Инкубациялық кезең аяқталғанға дейін барлық бастауыш сынып оқушыларын (1-4) онлайн оқытуға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балалар қажетті компьютерлік техникамен және интернет-ресурстармен қамтамасыз етілген», – деп хабарлады басқарма.
Әкімдік қаланың басқа мектептерінде жағдай тұрақты және эпидемиологтардың бақылауында екенін атап өтті.
Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі таңда қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 18 ересек пациент пен 159 бала қызылшаға қарсы стационарлық ем қабылдап жатқанын мәлімдеді. Стационарлық ем алатын барлық пациенттердің жағдайы орташа дәрежеде.
Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментібалалар арасында қызылшаның тарап жатқанын мәлімдеді. Наурыздан бастап қызылшаның 1544 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, оның 1310-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында (84,8 пайыз).
Мұның таралу себебі вакцинациядан бас тарту делінді.
Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаны жұқтырудың, сондай-ақ оның асқынуының алдын алатын жалғыз тиімді құрал вакцинация екенін еске салды.
Қызылшаға қарсы вакцинация баланың 1 және 6 жасында жасалады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!