фото: ЖИ арқылы жасалған

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова педагогтерді аттестаттау қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы мәлімдеді. Жаңа тәртіпке сәйкес, мұғалімдер үшін міндетті пәндік білімді бағалау тестілеуі алынып тасталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте вице-министр педагогтерді бағалау тәсілі қайта қаралғанын айтты.

Енді мұғалімдердің кәсіби деңгейі тест нәтижелерімен емес, олардың күнделікті жұмысы мен білім беру сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады.

Сонымен қатар пәндік тестілеу толық жойылмайды. Ол:

  • педагогикалық қызметке жаңадан келген түлектерге
  • қызметін қайта бастаған мұғалімдерге
  • білім беру ұйымдарының басшыларына, олардың орынбасарлары мен әдіскерлерге қолданылады.

Білім беру жүйесінде тестілеуге тәуелділікті кезең-кезеңімен азайту көзделіп отыр. Осыған байланысты педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде гибридті бағалау моделі енгізілмек. Бұл модель тест нәтижелерімен қатар арнайы емтихандарды да қамтиды, – деді Ақпарова.

Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға қойылатын талаптар күшейтілді. Енді шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Бұл шара мұғалім болуға үміткер талапкерлердің сапасын арттыруға бағытталған.

Вице-министрдің сөзінше, жас мамандар үшін тестілеудің сақталуы олардың академиялық дайындық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Ал білім беру ұйымдарының басшылары үшін бұл – басқарушылық шешімдер қабылдауға қажетті нормативтік-құқықтық білім деңгейін бағалау тетігі.

Бұған дейін Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатқанын жаздық

Сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің аттестациясына қатысты маңызды мәлімдеме жасады және Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс енгізілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!