Жастардың әлеуетін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын республикалық грант жобалардың жеңімпаздары өңірде де баршылық. Соның бірі – Нұрасыл Бекматов. Жуырда Нұрасылдың дайындаған жобалары ұйымдастырушылардың көңілінен шығып, шағын грантқа ие болды. Ақжолтай жаңалықты естіп, жоба жеңімпазымен тілдесіп қайттық.

– Нұрасыл, республикалық шағын гранттардың жеңімпазы болу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Қатысу үшін де тәжірибе  маңызды рөл атқарады. Жалпы мұндай жобаларға қатысу идеясы қалай туды?

– 2021 жылы бастамашыл топ ретінде министрлік ұсынған шағын граттар байқауына қатысуды жөн санадық. Әрине, тәжірибе аз болғандықтан алғашында қиналғанымыз жасырын емес. Әлеуметтік желіде гранттар туралы ақпараттарды қадағалай бастадық. Ол ақпараттар  қызығушылығымызды оятты. Былтыр  ұсынылған барлық байқауларға қатысып, 15-тен аса әлеуметтік жоба ұсындық. Олардың екеуі ғана қолдау тауып, Қызылорда облысында «Біргеміз: Үміт бағыты» бойынша 2 жобаны жүзеге асырдық. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы үлкен тәжірибе жинап, 2022 жылға нақты жоспар құрылды.

– Биылғы жетістікке тоқталсақ…

– Маусым айынан бастап шағын гранттар байқауының ақпараты шығып, ережелермен таныстық. Қазіргі таңда 3 шағын гранттың жеңімпазымыз. Атап айтсақ, алғашқысы – «Qalqan» жобасы. Бұл жоба Қармақшы ауданында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта әскери-патриоттық тәрбие бағытына ерекше зейін қойылып жатыр. Сондықтан әскери-патриоттық клубтардың жұмысын жетілдіруді, олардың тәрбиеленушілеріне серпін беруді мақсатымыз деп есептейміз. Жобаны жергілікті мекемелердің қолдауымен жүзеге асырамыз. Жоба жұмысына Сабыржан Бақытжанұлы, Нұрсұлтан Абибуллаұлы сынды азаматтар қатысады. Екіншісі – «Saqtansaq saqtaidy» жобасы. Бұл – денсаулық сақтау саласына бағытталған. Медицинада білім алатын студенттерді волонтерлыққа тартып, мамандығы бойынша алғашқы тәжірибені беру жоспарлануда. Үшіншісі – «Өмірлік маңызды дағдылар»  жобасы. Жастарға  білім беру, олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту арқылы семинар-тренингтерден, қайта даярлау курстарынан, тимбилдингтерден өткізу.

– Аталған жобаның аймақ тұрғындарына қаншалықты көмегі болады деп ойлайсыз?

– Мақсатты тобымыз тікелей жастарға арналған. Халықтың басым көпшілігіне пайда келмегенімен, жастарға көмегі зор болады деп есептеймін. Олар жаз айларында бос уақытын тиімді пайдаланып, жобаға қатысу арқылы қоғамдық өмірдегі бастапқы тәжірибесін жинақтайды. Волонтерлардың басым көпшілігі студенттер. Біз олардың қабілеті мен дағдыларын ашуға себепкер болсақ, олар «жұмыссыз қалады» деген қорқынышты жояр едік.

– Мемлекет тарапынан қолдау табатын жобалар жайында жастардың дені бейхабар. Мұның себебін қалай түсіндіресіз?

– Осы уақытқа дейін өңірлердің парақшаларынан гранттар туралы ақпараттар естіп, қатысып көрмегенмін. Грант туралы мәлімет аз. Жарияланса да ол кеңінен арпараттандырылмайды. Уақыты жақындағанда немесе қабылдау уақыты аяқталғанда жарияланып жатады. Ақпараттық жұмысты күшейтсек, жастар үшін өз идеясын жүзеге асыруға керемет мүмкіндік болар еді. Мысалы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының әлеуметтік желіде ресми парақшасы бар. Жыл басында парақшада шағын гранттарға үйлестіруші болатын ұйым мен жеңімпаздардың тізімі жарияланды. Осыған сәйкес біз де сол ұйымдардың парақшасынан ақпарат күтеміз. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының әлеуметтік желідегі парақшасынан ақпараттарды үздіксіз оқу орқылы гранттар жайлы мәліметтерді бақылауға болады.

– Жобаны жазар алдында нені ескеру қажет?

– Биыл сәл де болса салмақты жобаларға басымдық берілуде. Жаңадан қатысушы жастар жайдан-жай өтінімді жібере салмай, жазатын жобасына арнайы зерттеу жұмысын жүргізсе, мақсатты тобын анықтаса, қатысушылардың категориясын зерделесе, өтетін орынды жүйелесе, комиссия алдындағы мүмкіндігі жоғары болады. Жоба тек бір өнімі болмау керек. Идея шыққанымен оған салмақ қосу үшін қоғамның жоба жайлы пікіріне құлақ түрген абзал. Олар мүдделі тарап ретінде жоба жұмысына атсалысса, оң нәтиже болмақ.

Әңгімелескен

ЕРАСЫЛ ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!