Желіде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен басқа да ірі оқу орындарының Алматыдан Қонаевқа көшірілуі мүмкін екені туралы қауесет пайда болды. Алайда бұл ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қонаев әкімдігі жоққа шығарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұған дейін желіде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Алматы облысы Қонаев қаласындағы академиялық қалашыққа көшірілуі мүмкін екені туралы ақпарат тарай бастаған болатын.

Бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтау үшін NUR.KZ тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгінді. Ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, университетті Қонаев қаласына көшіру жоспарда жоқ. Керісінше қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі басталған.

Сонымен қатар ҚазҰУ, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ сияқты басқа да ірі университеттердің Қонаевқа көшірілуі мүмкін екені туралы ақпаратты Қонаев әкімдігі де жоққа шығарды.

«Қазіргі таңда көшіру туралы ресми расталған жоқ және ол бойынша хабарланбады», – делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!