Ал өткен жылдың қараша айынан бастап асханада қыздарға орамал тағуды міндеттеген.

Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған IT лицейі мектебінің директоры Жеңіс Шонбаев жігіттерді асханадағы кезекшіліктен босатқан, ол мұның себебін «бұл олардың міндеті емес» деп түсіндірген, деп хабарлайды Stan.kz.

Білім ошағының директорының бұл шешіміне тоғызыншы сынып оқушысының анасы шағымданды. Сөзінше, директор өткен жылдың қараша айынан бастап асханада қыздарға орамал тағуды міндеттеген.

«Екі апта бұрын қызым жылап хабарласып тұр. Сөйтсем кезекшілік кезінде орамал тақпағаны үшін директор оған қатты ұрысқан екен. Қызым айтқанын орындаудан бас тартқан соң, директор оның үш сыныптасын кезекшілікке қою арқылы жазалауды ұйғарады. Сонымен қоса ол келесі барлық оқушыларға спорттық секциялар мен білім беру курстарына баруға тыйым салады», – дейді әйел.

Әйел сондай-ақ кезекшілікке тек қыздардың ғана түсетініне, ал ұлдардың ешнәрсе істемейтініне наразы. Осы мәселені шешу үшін әйел оқушылардың үш ата-анасымен мектеп директорынан түсініктеме талап етуге келген. Бір жарым сағаттан кейін олар ақыры директормен жолығады. Бірақ оның жауабы жиналғандардың жағасын ұстатқан.

«Бізбен жоғары дауыспен сөйлесті. Біз оның неліктен ұлдардың мәртебесін көтеретінін сұрағанымызды, ол: «қыздар ұлдарды құрметтеп, оларға қызмет етуі керек. Сондықтан мен соларды ғана тағайындаймын» деп жауап берді. Сөзіне дәлел ретінде ол алдында отырған төрт әйелдің де түгел күйеулеріне ас әзірлеп, апаратынымызды келтірді», – дейді Анар есімді әйел.

Анар директордың әрекеті әйелдерді кемсітеді деп санайды және мұндай көзқарасты қабылдағысы келмейді. Осыдан кейін ата-аналар Батыс Қазақстан облысының білім басқармасына хабарласып, мән-жайды айтқан.

«Бізге ол жақта заң бойынша балаларды жынысына қарай кемсітуге болмайтынын және мектеп директорының мұндай әрекетіне жол бермеу керектігін айтты. Біз арыз жаздық. Білім басқармасы тексеру жүргізіп, шешім шығарамыз деп сендірді», – дейді әйел.

Облыстық білім басқармасы өз мектептегі кезекшіліктің тоқтағанын хабарлады.

«22 ақпанда Батыс Қазақстан облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету басқармасы мен білім басқармасының өкілдері облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатына тексеріс жасады. Мектеп асханасында кезекшілік ұйымдастырылғаны анықталды. Ағымдағы оқу жылының екінші тоқсанынан бастап санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында кезекшілерге алжапқыш және бас киім (қыздарға орамал) кию енгізілген. Алайда, қазір асханадағы кезекшілік алынып тасталды», – деп атап өтті білім басқармасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!