Өткен аптада кеңінен тойланған, 13 ақпан – дүниежүзілік радио күні деп бектіліген. Мереке ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының шешімімен 2011 жылы күнтізбеге енген. Айтулы күн 1946 жылы БҰҰ Радиосының құрылған күніне арналған. Қалың тыңдарманның жүрегін баураған сымсыз байланыстың бұл түрі әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған. Радио күні Қазақстанда да елеусіз қалмады.

2014 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Пан Ги Мун атындағы Тұрақты Даму Институты және журналистика факультетінің Халықаралық журналистика және коммуникация қысқы мектебі бұл күнді айрықша атап өтуді дәстүрге айналдырған. Биылғы радио күніне арналған қысқы мектеп «Радиохабар таратудағы жасанды интеллект: жаңа форматтары мен практикасы» тақырыбында өтті. 11 жыл дәстүрлі түрде өтетін #worldradioday хештегімен танымал бұл іс-шара – радио саласының қыр-сырымен таныстырып, әлемдік деңгейдегі маңыздылығын дәріптейді.
Радио – халыққа сенім мен қолжетімділікті ұсына алатын ақпаратты таратудың қуатты құралы. Бұл платформа әлемдік деңгейде кеңінен қолданыста және БАҚ-тың бұлжымас бір бөлігі болып қалатыны хақ. Сондай-ақ радиожурналистика ілгері, қарқынды дамуды тоқтатпаған құнды сала. Кең аудиториямен байланыс орнатады. Биылғы тақырып жасанды интеллекттің игіліктерімен ұштасып жатыр. Радио арқылы хабар таратуды зағип жандар, нашар еститіндер үшін автоматтандырылан субтитрлер, ымдау тілін қолдану арқылы оңтайландыру күн тәртібінде.
Оған қоса, жасанды интеллект жаһандық дәрежеде жаңғуруын жалғастыруда. Бүгінде «Chat GPT», «Siri», «Алиса» іспеттес цифрлық технологияның көмегіне жүгінбейтін адам жоқтың қасы. Ақпарат өте тез тарағандықтан соң, оның өзектілігі демде сейіліп кетеді. Әлеуметтік желі пайда болғалы жаңалықтың рас-өтірігін ажырату тіптен мүмкін болмай бара жатыр. Алайда осы бір олқылықтардың орнын жасанды интеллект арқылы толықтыруға болады. Сондай-ақ ЖИ-дің көмегімен журналистерге қызықты тақырыптарды, мақалаларды жазуға көмектеседі. Айта кететін тағы бір жетістік, ол тележүргізушінің орнына жасанды интеллект арқылы жасалған графикалық тұлғаларды жасау арқылы жаңалықтарды жүргізу мүмкіндігіне ие болды.
Әлемде кеңінен танылып келе жатқан «подкаст» туралы естуіңіз бар ма? 2004 жылдан бастап ауқымды танымалдылыққа ие бола бастаған бұл ұғым туралы да дәрістер өткізілді. Қысқы мектептің студенттері теориялық және практикалық тұрғыда білімді шыңдады. Сондай-ақ Дата журналистика, фотожурналистика, сайттар туралы да тың ақпараттар талқыға салынды. Оффлайн режимінде өткен медиа-диалог алаңы сан алуан пікірлер легімен толысып, студенттер емін-еркін ой бөлісті. Онымен қоса, шығармашыл жастарды шабыттандыру мақсатында поэзия кеші ұйымдастырылып, белгілі ақындармен кездесу өтті.
Білім алаңында ҚазҰУ-нің білікті мамандары мен журналистика саласының мамандары дәріс берді. Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самектің және Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева шараның жоғары дәрежеде өтуіне атсалысты.
Қысқы мектепке Қазақстанның әр өңірінен, Ауғанстан, Бангладеш, Эпиофия, Қытайдан келген студенттер мен оқытушылар қатысты. Форум 14-16 ақпан аралығында Алматы облысы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі, Белбұлақ шатқалы, «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешенінде өтті. Әр студентке сертификат беріліп, белсенділік танытқан білім алушыларға дәрежелі дипломдар табысталды.


Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!