Мектеп түлектері мамандық таңдап, жаңа өмірге аяқ басар сәт туды. Бірі ЖОО-ға барса, енді бірі кәсіптік білім беру ұйымдарына шәкірт болады. Әсіресе, аймақта дәрігер болуды армандаған талапкерлердің табан тірейтін нысаны – медициналық білім беру ұйымдарының саны артқаны саланың өркендеуінің жемісі іспетті.  Осы орайда Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медицина колледжінің директоры Анар Жайпановамен сұхбаттасып, білім берудің жай-жапсарын білген едік.

– Анар Жөндібайқызы, алдымен колледж тарихын тарқата кетсеңіз…

– «Өркениет» медицина колледжінің негізі 2000 жылы қаланған. Біздің мекеме алғашқы жеке медициналық колледждің қатарында болғанымен құнды. Бүгінге дейін 3000-ға жуық түлек оқу бітіріп, денсаулық сқтау ұйымдарында жемісті еңбек етуде. Жалпы колледж екі мамандық бойынша орта буын медицина қызметкерлерін дайындайды. Олар: «Фельдшер» және «Жалпы практика негіздері» мамандығы. Шәкірттеріміз көптеген медицина ұйымдарына жұмысқа орналасып, абырой биігінен көрінуде.

Негізі, жеке оқу орнын тек табыс көзі деп қарастыруға болмайды. Мұндағы жүйе, жұмыс райы күрделі. Мемлекеттен көмек алмай-ақ 83 адамды жұмыспен қамту, 678 балаға білім беру оңай емес.

– Қызылорда қалсында 4 медициналық колледж барын білеміз. Сіздің мекеме несімен ерекшеленеді?

– Әрине, әрбір оқу орны өзіндік әдістеме, ұстаздар құрамымен ерекше деп айтар едім. Ал біздің колледж мемлекеттік тілде білім беруге басымдық беріп, теориялық оқу-құрал дайындауда өзіндік үлес қосуымен дараланары сөзсіз. Олай дейтінім, бізде оқу процесі тек мемлекеттік тілде жүргізіледі. Студенттерге барынша түсінікті, ұғынықты тілде білім беруге тырысамыз. Ол үшін ұстаздар құрамы жүйелі жұмыс істеуде. Мысалы, бүгінге дейін колледж ұстаздары 15 оқу құралын шығарды. Биыл «Жалпы патология» және «Паллиативті көмек және онкология» атты екі оқу құралын шығару жоспарда бар.

– Өндірістік іс-тәжірибеден өту қаншалықты маңызға ие?

– Сала салғырттықты көтермейді. Сапалы білім беру басты мақсатымыз болғанымен, негізгі басымдық практикаға шоғырланған. Бүгінде оқу процесінің 65 проценті практика жүзінде өтеді. Яғни, білім берудің басым дені емдеу мекемелерінде жүреді. Ол үшін 19 денсаулық сақтау мекемесімен келісімшарт жасалды. Себебі, болашақ сала маманы теориялық ғана  емес, шынайы жағдайда кәдеге асатын практикаға да қол жеткізуі шарт. Сондықтан, өндірістік, клиникалық іс-тәжірибелер қатаң бақылауда.

– Жатақхана жайы қалай?

– Әрбір шәкірттің алаңсыз білім алуы маңызды. Соның ішінде баспана ахуалы ең өзекті екені түсінікті. Біз бұл мәселені оңтайлы шешітік десек, артық емес. Қаладағы «Өркениет» жатақханасымен келісімшарт жасап, ынталы студенттердің сол жерге қоныстануына мүмкіндік туды. Айта кетерлігі, көптеген оқушы туыстарының үйінде қоныстанған. Сондықтан пайыздық үлеске шаққанда жатақханаға жататын студенттің қатары аз.

– Түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейін тұрақты саралап отырасыздар ма? Мониторинг көрсеткіші қандай?

– Медицина мамандары қашанда сұранысқа ие. Мәселен, біздің шәкірттер оқу жылының басында-ақ 69 процент жұмыспен қамтылады. Ал бітірген түлектердің 70-80 проценті тұрақты жұмысқа орналасқан. Қалғаны оқуын жалғастыруды көздейді.

Жалпы, түлектеріміз нәтижелі жұмыс істеуде. Қазіргі таңда колледж түлектері республикалық, облыстық емдеу-профилактикалық мекемелерінде қызмет атқаруда. Мысалы, бір түлегіміз «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында» лауазымды қызметте болса, енді бірі докторлық дәреже қорғауға ниетті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!