М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы Ұлжан Есмаханова – ісінің маманы. Білім ошағында байсалды қалпынан танбай, тынымсыз еңбегінің нәтижесінде абырой биігінен көрініп жүр.

Ұқыптылық пен ұшқыр ойды ұстаным еткендіктен де білім бәсекесінде басып озып, оқытушылар арасында өткен республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанды. Ұстаздың ұсынған тиянақты жұмысына комиссия алқасының көңілі толуы білік деңгейінің жоғары болуында. Бұған дейін Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, колледжішілік «Үздік педагог» номинациясымен, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті мен Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Worldskills Kazakhstan-2020» VІ аймақтық кәсіби шеберлік чемпионатында бас сарапшылық жасағаны үшін ұйымдастыру алқасының Алғыс хатымен және облыстық білім басқармасының «Жыл үздігі» номинациясына ие болды.
Иә, білім бағытындағы бағдары айқын болғаннан кейін де шыққан белес биік. Бұл жетістіктің басы ғана. Бір саладан табан аудармай, жемісті қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұрпақ тәрбиелеудегі татымды еңбек еленсе нағыз мәртебе сол. Ұлжан Әлібайқызы жаңа оқу жылын да жағымды жаңалықпен бастады. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет» дипломын еншіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру ісінің үздігі атанды.
– «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады». Яғни педагог тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылығымен етене таныс болу керек. Сол себепті де педагогикалық қызметімде үнемі ізденіс үстінде жүремін. Нәтижесінде әдістемелік және оқу құралдарын шығарып, оқу-тәрбие процесінде қолданып келемін. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығының студенттері мен мектепке дейінгі ұйым педагогтары үшін «Көңілді сабақтар», «Ертегілер елінде» әдістемелік құралдарым жарыққа шықты. 2021-2022 оқу жылында тәрбиеші көмекшісі біліктілігіне байланысты «Күн тәртібі және дамытушы ойындар» оқу құралын көпке ұсындым. Ал, биыл «Мектепке дейінгі педагогика оқу құралдарын» авторлық ұжыммен бірлесіп жасап, қолданысқа енгіздік. Әр педагогтың алдында тұрған міндет – балаға сапалы білім беру. Сондықтан сабақтың әрбір кезеңін тиімді әдіспен жоспарлап, түрлі технологияны қолдансақ нәтижесін береді, – дейді Ұлжан Есмаханова.
Дүйім жұртқа деңгейі дәлел, марапаты мәлім болса да кеуде соқпаған жанның қарапайым болмысы нағыз ұстазға тән. Жеткен межеде аялдап қалмау үшін дамуды доғармайтынын да тілге тиек етті.
Мамандықтың майталманы атануға тек сабақ беру жеткіліксіз. Тақырыпқа сай талқы мен талдау, теория мен практиканың ұштасуы да маңызды. Мұны құр сөзбен емес, ғылыми дәлел-дәйекпен сөйлетсе, студенттің көкейге қабылдауы да жеңіл болмақ. Ендеше үздік педагогтің әр ізденісі жеңіспен пара-пар деген сөз.

Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!