Қазір әлемде технология күн сайын жаңарып, дамуда. Бұл өрлеу сатысында Қызылорда өңірі шетте қалмады. Республикалық стартаперлермен теңдесетін сырбойылық жастардың қарқыны мықты. Бұл – мақтанатындай жағдай. Осы орайда Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы, Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының резиденті, Nauanix командасының мүшесі Раушан Тұрғанбаймен әңгімелескен болатынбыз.

Nauanix қалай құрылды және командадағы рөліңіз қандай?
– Команданың алғашқы мүшелері мен және Жұлдызай Мұңайтбасова. Қазіргі таңда Nauanix командасында 5 адам бар. Бастапқыда әрқайсысымыз жеке жоба жасап, Астана қаласында өткен байқауға қатыстық. Жарыс барысында бір-бірімізге көмектесіп, бауыр бастық. Сол мезетте ойымызға бірігу идеясы келіп, команда ретінде жи­нақталдық. Ко­мандада мен HR менеджер және Software developer жұмысын істеймін.
2022 жылы өткен облыстық хакатон сіздер үшін алғашқы байқаулардың бірі болды. Қандай тәжірибе жинадыңыздар?
– Алғашқы жоба болғандықтан қобалжу болды. Алайда жаңа ортаға барып, жаңа адамдармен кездестік. Әртүрлі жобалармен танысып, осы салаға деген көзқарасымыз молынан ашылды. Ең бастысы – команда ретінде өзімізді жаңа қырымыздан таныдық.
Стартап жобаларды іске асыру барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіздер?
– Стартап – тауарды, жобаны іске асырып, нарыққа шығару. Сол себепті жан-жақты зерттеулер қажет болды. Ақпаратты жинақтау және нарықты зерттеу қажет. Бәсекелестерді тауып, олардан ерекшелігімізді көрсету маңызды. Бұл салаға енді қадам басқандықтан осы мәселелер бастапқыда қиындық туғызды.
Ақпараттық технологиялар саласына қызығатын оқушыларға қандай кеңес береcіз?
– Ақпараттық технология – ұдайы дамуды қажет ететін сала. Әрине, ең алдымен ақпаратпен дұрыс жұмыс жасау қажет. Сонымен қатар ақпараттық технология бағыты болғандықтан, сайт және бағдарламалар жасап үйренген жөн. Кәсіби тілде айтқанда SoftWare engineering бойынша дағдыларды арттыру қажет.
Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен өткен Startup Joly инкубациялық бағдарламасына қатыстыңыздар. Сыр өңірінде жас стартаперлер мен кәсіпкерлерді қолдаудағы Startup Joly секілді бағдарламалардың рөлін қалай бағалайсыз?
– Өңірдегі дамытушы орталықтардың бірі Kyzylorda Hub бизнесинкубаторы өткізген 6 апталық Startup Joly бағдарламасына қатыстық. Бағдарлама аясында менторлармен бірге жұмыс жасап, жобалар мен стартаптарды, кәсіпкерлікті талдап, мол тәжірибе жинадық. Осы секілді жас стартаперлерді қолдайтын бағдарламалар біздің өңірге қажет деп ойлаймын. Тек бағдарлама емес кәсіпкерлік, IT саласын дамытуға күш салатын орталықтармен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы біз білім алып, жаңа дағдыларды игереміз. Сонымен қатар сол саладағы мамандардан кері байланыс орнатып, өзіміздің осал жерімізді дамытуға керемет мүмкіндік ала аламыз.
Сүлеймен Демирел атындағы университет, Astana IT University және Қазақстан-Британ техникалық университеттерінен иемденген білім гранттарының сіздер үшін маңызы қандай?
– Хакатон, фестиваль және түрлі байқауға қатысып, еліміздің мықты білім ордаларынан білім гранттарын иелендік. Бұл жетістік біз үшін маңызды, себебі ол болашақта білім алуға деген тірек көпір.
Халықаралық INFOMATRIX ASIA байқауы туралы толық айтсаңыз. Қандай жоба ұсындыңыздар?
– INFOMATRIX – әлемдегі үздік IT студенттерін біріктіру мақсатында ұйымдастырылған халықаралық компьютерлік жобалар байқауы. Байқау тек кәсіби шеберлікті алға жылжыту емес, сонымен қатар әртүрлі елдердің студенттері мен мұғалімдерін бір алаңға жинау арқылы мәдениетаралық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді. INFOMATRIX Астана қаласында SPECTRUM жеке мектебінде өтті. Жарыс 16-18 желтоқсан аралығында ұйымдастырылып, 3 күнге созылды. Еліміздің бас қаласына өзге елдің өкілдері келіп, бақ сынады. Халықаралық байқауда бағытымыз бойынша инновациялық медициналық құрылғыларды таныстырып, жоба қазылардың көңілдерінен шықты. Нәтижесінде көк туымыз биікке желбіреп, алтын медаль иелендік.
Сіз 11 сынып, Жұлдызай 12 сынып оқушысы. Сабақпен қатар байқауларды бірге алып жүруде қиындықтар туындамай ма?
– Әрине, жобалармен айналысу ол ауқымды үдеріс. Бастапқыда білместіктен көп уақытты зая кетіріп, сабақты қоса алып жүру сәл қиындық туғызды. Алайда тәжірибе жинай келе, жұмысқа кедергі болмайтындай оңтайлы іс-әрекет жасайтын болдық.
Ең сәтті шыққан жобаларыңызға тоқталсаңыз…
– Ең сәтті жобалардын бірі – Lezde құрылғысы. Ол саусақ ізі арқылы адамның медициналық кітапшасын лезде шығарады. Бұл құрылғы адам ес-түссіз жағдайға тап болғанда өте тиімді. Себебі осы арқылы біз оның қандай дәріге аллергиясы барын немесе есепте тұратынын анықтап, алғашқы көмек бере аламыз. Келесі EcoDabyl жобасы ауа сапасы туралы халықтың хабардарлығын арттыруға арналған инновациялык жоба. Құрылғының басты мақсаты – ауа сапасын тікелей дәл осы уақытта бақылау арқылы денсаулыққа келетін зардаптың алдын алу.
– Nauanix командасының осы жылға жоспары қандай?
– Әрине, жоспар мен мақсат көп. Тағы да жарыстар, хакатондар мен байқауларда бақ сынап, тәжірибе жинауға дайындық үстіндеміз.
Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан
Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!