Еліміздің мектептерінде 350 мыңнан астам педагог еңбек етеді, оның ішінде 220 мыңнан астам педагогке аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстеме ақы төленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, педагог-шеберге 50%, педагог- зерттеушіге 40%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-модераторға 30% үстеме ақы қосылады.

Еліміз бойынша барлығы 73 820 педагог-модератор, 81 168 сарапшы, 71 141 зерттеуші, 3482 шебер бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%-ға, яғни, екі есеге арттырылды.

Сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру педагогтерінің еңбекақысы 30%-ға көбейтілді.

2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге келесі мөлшерлерде біржолғы сыйақы беріледі.

l дәрежелі диплом және алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 26,5 еселенген мөлшері; ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 17,5 еселенген мөлшері; 3) үшінші дәрежелі диплом және қола медаль иегерін дайындаған оқытушыға – базалық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.

Атап өтейік,елімізде «Үздік педагог» республикалық байқауы өтуде. Оған меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттық педагогикалық қызметкерлері қатысуда.

Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз «Үздік педагог» сертификатымен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК (3 450 000 теңге) көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!